Қазақстан мен Испания өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Луис Франсиско Мартинесті қабылдады.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық серіктестікті нығайтудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ алдағы іс-шаралар жоспарын талқылады.
Кездесуде Қазақстан мен Испания арасындағы қарқынды сауда-экономикалық байланыстарда испандық жетекші компаниялардың қатысуымен елімізде ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқаны аталып өтті.
Қазақстандағы испан тілі мен мәдениетінің танымалдылығын ескере отырып, дипломаттар өзара қызығушылық тудыратын мәдени-гуманитарлық жобаларды жан-жақты қарады. Сондай-ақ спорттық дипломатия мәселелері талқыланды.
Испания Елшісі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жандандыруға және одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.