Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Минскіде «ИННОПРОМ.Беларусь» халықаралық өнеркәсіп көрмесін аралап, «Жаңа технологиялар одағы: болашақ өнеркәсіпті құру» тақырыбындағы пленарлық сессияда сөз сөйлед, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сондай-ақ сессияға Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Асадов, Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Тәжікстан Премьер-министрі – ТМД ұйымына мүше елдердің үкіметтері басшылары кеңесінің төрағасы Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов және Иран Ислам Республикасының өнеркәсіп, шахта және сауда министрі Атабек Сейед Мохаммад қатысты.
Олжас Бектенов өз сөзінде Мемлекет басшысының стратегиялық көзқарасы инновациялық және цифрлық экономиканы қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
«Жаһандық ахуалдың өрбу тұрғысынан алғанда жаңа технологиялар салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азаматтарымыздың өмір сүру сапасына оң әсер етеді. Қазақстан Президентінің бұл мәселеге баса көңіл бөлетіні де сондықтан. Біз деректерді өңдеу орталықтарын, сенімді байланыс арналарын және заманауи технопарктерді қамтитын цифрлық архитектураны қалыптастырып жатырмыз. Озық технологияларды кең ауқымда пайдалану мақсатында Үкімет жанында Цифрлық штаб жұмыс істеп тұр», — деп атап өтті Премьер-министр.
Өңдеу өнеркәсібі – бүгінде цифрландыру қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі. Соңғы жылдарда инновациялық шешімдерді қолданатын компаниялардың саны 3,5 есе өсіп отыр. Бұл өндіріс тәсілін өзгертіп, кооперацияға мүмкіндіктер ашады, сонысымен кәсіпорындарды тиімділігі жоғары деңгейіге шығарады.
Тау-кен металлургия кешенінде пилотсыз технологиялар, жерасты радиобайланыс жүйелері, жұмыс процестерін диспетчерлеу және роботтандыру енгізілуде. Қазақстанның көптеген ірі кәсіпорындары осы уақытқа дейін карьерлер мен дрондардың және өнеркәсіптік роботтардың 3D-моделдерін пайдалана отырып, кенді ұсақтаудан концентрат шығаруға дейінгі өндірістік циклді толық цифрландырып тастады.
Осыған ұқсас динамика өзге секторлардан да байқалып отыр. Мұнай-газ саласында цифрлы шешімдер өндіру мен өңдеуден бастап түпкі тұтынушыға отын жеткізуге дейінгі өндірістің барлық кезеңінде қолданылады. OilTrack платформасы мұнай өнімдерінің әр кезеңдегі қозғалысын бақылайды, «Цифрлық келісімшарт» қосымшасы кен орындарын пайдалануды автоматтандырады, ал «Мұнай мен ЖЖМ-ны цифрлық тәсілмен тарату» қолданбасы нақты уақыт режимінде ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етеді.
Машина жасауда штаттан тыс жағдайларға жедел ден қою орталықтары құрылды, сапаны бақылау үшін компьютерлік көру шешімдері және цифрлық «егіздер» енгізілуде.
Технологиялық прогресті жеделдету үшін Қазақстан жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуда. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер іске қосылды, ол ЖИ-ді тек мемлекеттік секторда ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен отандық стартаптарды дамытуда да қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорындарда жасанды интеллект шешімдерінің салалық акселераторлары, демонстрациялық алаңдар мен пилоттық аймақтар құрылады.
Технологияларды әзірлеумен қатар оларды одан әрі кеңінен тарату үшін орта дайындау бойынша шаралар қабылдануда. Инновациялық экожүйенің маңызды буыны Алматы облысындағы жаңа қала – Alatau City болмақ. Бұл технологиялық прогресс пен жайлы өмір сүру ортасын біріктіретін іскерлік белсенділік пен инновацияның орталығы болады.
Кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жұмысшы мамандықтары жылы еңбек адамының мәртебесін көтеруге ғана емес, сонымен қатар нарықтағы жаңа технологияларға сәйкес мамандардың дағдыларын жетілдіруге баса назар аударылады.
Қазақстан мен Беларусь бизнес-қауымдастықтарының өзара іс-қимылы шеңберінде ресурстарды бәсекеге қабілетті тауарлар мен технологияларға айналдыруға бағытталған кооперациялық жобалар жүзеге асырылуда. Оның бір мысалы – Қазақстанда Ресей және Беларусь компанияларымен серіктестікте комбайндарға арналған кабиналар шығару жобасы.
Одан бөлек өнеркәсіптік деректермен алмасу үшін цифрлық платформалар құру, трансшекаралық үдерстерді оңайлату және жеткізу тізбегіне цифрлық мониторинг енгізу арқылы орнықты логистика мен экспортты дамыту қолға алынған.
Премьер-министр болашақ өнеркәсіпті құру бизнес пен ғылымның, новаторлар мен өнеркәсіп саласының өзара белсенді іс-қимылын, халықаралық компаниялармен серіктестікті және Үкіметтің қолдауын қажет ететінін атап өтті.
«Қазақстан инвестиция тартуға мүдделі және өнеркәсіп пен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға толық жағдай жасайды. Біз еңбек өнімділігін арттырып, өндіріс құрылымын әртараптандыруды мақсат етіп отырмыз. Елімізде қазір жүзеге асырылып жатқан қолдау шаралары шикізатқа қол жеткізуден бастап, дайын өнімді сыртқы нарықтарға шығаруға дейінгі барлық циклды қамтиды. Сонымен қатар жаңа уақыт бізден, ең алдымен цифрлық тұрғыдан бәсекеге қабілетті болуды талап етеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Көрмеге қатысу барысында делегация басшылары онда қойылған тауарлармен, соның ішінде Қазақстанда өндірілген өнімдермен де танысты. Отандық павильонда машина жасау, химия және құрылыс салаларының 20 жетекші кәсіпорыны өндірген өнімдер көпшілік назарына ұсынылды. Олардың ішінде кіріктірілген нүктелік жер өңдеу, қанықтыру және навигация жүйесі бар комбайндар мен тракторлар, аккумуляторлар, теміржол жинақтары, құрылыс материалдары және құрамында фосфор бар тыңайтқыштар қойылған. Сондай-ақ экспозицияда қазақстандық компаниялардың инновациялық әзірлемелері және өнеркәсіптік үдерістерді цифрландыру, өндірістегі қауіпсіздікті арттыру және медицина мен білім беру, өнеркәсіп және т. б. салалардағы IT-шешімдерге арналған Назарбаев университетінің стартаптары таныстырылды.
«ИННОПРОМ» халықаралық көрмесі 15 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде қатысушылардың географиясы 15-тен 60 елге дейін едәуір кеңейді және кәсіпорындар саны 1 мыңнан асты.