Ерлан Ақкенженов ЕҚДБ-мен энергетика саласындағы ынтымақтастықтың нақты қадамдарын талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озханмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастықтың келешегін және ЕҚДБ-ның гидроэнергетика мен жаңартылатын энергия көздері бағытындағы ірі жобаларға қатысуын жан-жақты талқылады.
Осы орайда, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан өңірлік жоба — Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысына ерекше назар аударылды. Министр энергетикалық қауіпсіздік және су ресурстарын тиімді пайдалану тұрғысында бұл жобаның Орталық Азиядағы стратегиялық маңызын атап өтті.
Бұдан бөлек, тараптар жел энергетикасын дамыту бойынша бірлескен жұмыстарды талқылады. Атап айтқанда, Total және Masdar компанияларымен бірлесіп, жалпы қуаты 1 ГВт болатын энергия сақтау жүйелерімен (BESS) жабдықталған жел электр стансаларын салу жобалары сөз болды.
«Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы – біздің негізгі жобаларымыздың бірі және бұл бастамаға қаржылық қолдау көрсетуге дайындықтарыңыз серіктестікке деген сенімдеріңіз деп бағалаймын. Алайда, ең алдымен үш ел арасындағы үкіметаралық келісімді бекіту қажет. Сонымен қатар, энергия сақтау жүйелерімен жабдықталған жел генерациясы жобалары да біз үшін маңызды. Ынтымақтастықтың түрлі бағытында біз бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайынбыз» Ерлан Ақкенженов
Өз кезегінде ЕҚДБ өкілдері бұл жобаларға белсенді қатысуға дайын екендіктерін білдірді.
Жиында ЕҚДБ өкілдері бұл жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғандықтарын жеткізді. Олардың айтуынша, Қамбар-Ата ГЭС-1 – ауқымды бастама. Банк қаржылық қолдаудан бөлек, үкіметаралық келісімді сараптауға қажетті техникалық көмек көрсетуге дайын. Сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздері ЕҚДБ үшін басым бағыттардың бірі. Сондықтан серіктестік одан әрі нығая түспек.
Кездесу соңында тараптар заманауи энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін қолдауға, өңірдің су-энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты экономикалық өсімді арттыруға бағытталған жобаларды бірлесе жүзеге асырып, серіктестікті нығайтуға уағдаласты.