Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының Консультативтік кеңесіне төрағалық етеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
2025 жылғы 30 қыркүйекте Бурабай кентінде (Қазақстан Республикасы, Ақмола облысы) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының Консультативтік кеңесінің (СОБ КК) VI отырысы өтті.
Іс-шараға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің орталық сайлау органдарының басшылары мен өкілдері, ТМД Атқарушы комитетінің және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясының өкілдері, ТМД ПА-ға қатысушы мемлекеттердің демократияны, парламентаризмді дамыту және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу жөніндегі халықаралық институтының өкілдері, ТМД СОБ КК жанындағы Электоралдық саладағы жастар саясаты жөніндегі жұмыс тобының және ҚР ОСК жанындағы Сарапшылар кеңесінің мүшелері, жастар ұйымдарының, сондай-ақ Қазақстанның сайлау комиссияларының өкілдері қатысты.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының Консультативтік кеңесіне төрағалық ету Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына өткенін атап өту керек.
Іс-шаралар бағдарламасы сайлау саласында мемлекетаралық әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және әсіресе жастар арасында сайлау мәдениетін қалыптастырудың практикалық тәсілдерін дамытуға бағытталды.
ТМД СОБ КК Төрағасы, ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров кеңес отырысын ашып, «Сайлау мәдениетін қалыптастыру – бұл адами капиталға, демократиялық институттарды нығайтуға және біздің елдеріміздің болашағына салынған инвестиция. Бұл – құқықтық реформаларды, білім беру бастамаларын және заманауи технологияларды біріктіріп, жүйелі тұрғыдан қарауды талап ететін үдеріс.
Сондықтан да біздің тарап қазақстандық төрағалық ету кезеңін сайлау процесінің барлық қатысушыларының, әсіресе жастардың арасында сайлау мәдениетін қалыптастыру және дамыту мәселесін талқылауға арнауды ұсынды» деп атап өтті.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының Консультативтік кеңесінің VI отырысында сайлау процестерінің тиімділігін және оған қатысушылардың электоралдық мәдениетін арттыру жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды.
ТМД ПА Кеңесінің Бас хатшысы Дмитрий Кобицкий бейнеқұттықтау жолдады, ТМД СОБ КК тең Төрағасы, Беларусь Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Игорь Карпенконың (онлайн режимде) ТМД СОБ КК-не төрағалық еткен кезеңдегі атқарылған жұмыстар туралы ақпараты тыңдалды.
Сайлау тақырыбына арналған пікірталас барысында Армения Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Ваагн Овакимян «2026 жылы өтетін парламенттік сайлаулар аясында Армения Республикасының сайлау заңнамасындағы жаңашылдықтар» тақырыбында, ТМД СОБ КК Төрағасы, ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасындағы жергілікті сайлаулар және саяси жүйені одан әрі жетілдіру туралы», Қырғыз Республикасының Сайлау және референдумдар өткізу жөніндегі Орталық комиссиясының Төрағасы Тынчтык Шайназаров – «Қырғыз Республикасындағы 2025 жылғы сайлау процестері» (онлайн), Ресей Федерациясының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Элла Памфилова (бейнебаяндама арқылы) - «14 қыркүйекте Ресей Федерациясында өткен бірыңғай дауыс беру күнінің қорытындылары туралы», Тәжікстан Республикасының Сайлау және референдумдар жөніндегі Орталық комиссиясының Төрағасы Бахтиёр Худоёрзода – «Тәжікстан Республикасында шығып қалған депутаттардың орнына жергілікті Халық депутаттары мәжілістеріне өткен сайлаулар туралы», Өзбекстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Зайниддин Низамходжаев – «Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының сайлаудан кейінгі кезеңдегі жұмысының кейбір аспектілеріне шолу» тақырыбында сөз сөйледі.
«ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясына қатысушы мемлекеттерде жастардың құқықтық мәдениеті мен сайлау белсенділігін арттыру мәселелері бойынша ТМД СОБ КК жанындағы Электоралдық саладағы жастар саясаты жөніндегі жұмыс тобы мен ТМД ПА-ға қатысушы мемлекеттердің демократияны, парламентаризмді дамыту және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын мониторингілеу жөніндегі халықаралық институтының өзара іс-қимылы туралы» ТМД ПА Кеңесі Хатшылығы Басшысының орынбасары, ТМД ПА ДДМХИ директоры Иван Мушкет, «ТМД СОБ КК мүшелерінің Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығы (A-WEB) қызметіне қатысуы туралы» ТМД СОБ КК тең Төрағасы, Беларусь Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Игорь Карпенко (онлайн), «ТМД СОБ КК хатшылығының басшысы (хатшысы) лауазымына кандидатура ұсыну туралы» ТМД СОБ КК Төрағасы, ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров баяндама жасады.
Отырыстың басталуы алдында қатысушылар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдарының құқықтық ағарту және электоралдық қатысудың мәдениетін қалыптастыру саласындағы тәжірибелерін көрсететін әдістемелік материалдар көрмесімен танысты.
Көрмеде Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстанның орталық сайлау органдары мен ТМД ПА ДДМХИ-ның жұмыс барысында қолданатын түрлі оқу-әдістемелік және ақпараттық материалдары ұсынылды.
Баспа өнімдерінен бөлек, іс-шараға қатысушыларға интерактивті экрандар арқылы қатысушы-мемлекеттердің сайлау органдарының тәжірибелік қызметінде қолданылатын бейнематериалдар мен цифрлық ресурстар көрсетілді.
Бурабайда өткен отырысқа қатысушылар оның қорытындылары ТМД елдерінің сайлау органдары арасында электоралдық салада өзара әріптестікті дамытуға тәжірибелік үлес қосатындығына сенім білдірді. Сонымен қатар, олар ҚР ОСК хатшысы Шавхат Өтемісовтің ТМД СОБ КК хатшылығының басшысы (хатшысы) лауазымына кандидатурасын қолдады.
1 қазанда ТМД СОБ КК VI отырысы аясында «Сайлау процесіне қатысушылардың сайлау мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында дөңгелек үстел және ТМД СОБ КК жанындағы Электоралдық саладағы жастар саясаты жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтеді.