ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Женевада (Швейцария) БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының қалалық даму, тұрғын үй және жер ресурстарын пайдалану мәселелеріне арналған 86-сессиясы аясында өткен қолжетімді және тұрақты тұрғын үй тақырыбындағы семинарға қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Семинар барысында қатысушы елдердің өкілдері азаматтарды қолжетімді және тұрақты тұрғын үймен қамтамасыз ету саласындағы үздік халықаралық тәжірибелерді, тұрғын үй саясатын жаңғырту, тұрғын үй қорының энергия тиімділігін арттыру, сондай-ақ тұрғын үй құрылысының қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылады.
Бақытжан Жүнісбеков тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мен тұрақты қалалық ортаны дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыттары мен ағымдағы бастамалар туралы баяндады. Семинарға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Тұрғын үй қатынастары басқармасының басшысы Әсем Әлжанова қатысты.
Қазақстан делегациясының БҰҰ ЕЭК іс-шарасына қатысуы шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға, тиімді тетіктерді ұлттық тұрғын үй саясатына енгізуге және қалаларды тұрақты дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.