2025 жылғы 10 қазанда Брюссель қаласында Еуропалық Одақтың «Global Gateway» атты бастамасына арналған «Жаһандық қақпалар» форумы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Форум аясында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев «Орталық Азияға баса назар аударумен өңіраралық өзара байланыстарды кеңейту» сессиясында баяндама жасап, сондай-ақ Қара теңіз аймағындағы стратегиялық әріптестік және тұрақты әрі стратегиялық көлік өзара байланысын қамтамасыз ету жөніндегі сессияларға қатысты.
Еуропалық тарапқа Орта дәліз бойындағы жобаларды бірлесіп іске асыру, оның ішінде оларды қаржыландыру және көлік саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша ұсыныстар енгізілді. Сонымен қатар, ағымдағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысы бойынша қысқаша шолу жасалды.
Жоғары деңгейдегі іс-шараға Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен, бірнеше еурокомиссарлар, сондай-ақ Ангола, Колумбия, Конго, Гватемала, Үндістан, Люксембург, Мавритания, Нигерия, Руанда, Оңтүстік Африка Республикасы мемлекеттерінің президенттері, Армения, Барбадос, Бельгия, Кабо-Верде елдерінің премьер-министрлері және ЕО серіктес елдерінің экономика, көлік, энергетика және басқа салалардағы министрлері қатысты.
Global Gateway бастамасы серіктестікті кеңейтуге, тұрақты инвестицияларды ілгерілетуге және өңірлер арасындағы сенімді көлік пен сауда байланыстарын дамытуға зор үлес қосады.
Қазіргі таңда еуропалық институттар Орталық Азиямен өзара байланыстарды нығайтуға және Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды жақсарту жобаларын іске асыруға ерекше назар аударып отыр.
Форум барысында қатысушылар өңіраралық әріптестікті нығайтудың, интеграцияланған және өзара тиімді шешімдер қабылдаудың маңыздылығын бірауыздан атап өтті.