Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаев Вашингтонда америкалық Honeywell компаниясының аға вице-президенті Стейси Бернардспен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстандық тарап өзара ынтымақтастықтағы оң серпінді атап өтіп, Honeywell-ге Қазақстанмен мүдделі ұзақмерзімді әріптестікке деген ниеті үшін алғыс білдірді. Аэроғарыштық технология, өнеркәсіптік автоматтандыру мен жаңа материалдар жасау саласында әлемдік көшбасшы болып саналатын компания Қазақстанда 1998 жылдан бері 500-ден аса жобаны жүзеге асырған.
Ерболат Досаев Қазақстанның анағұрлым әртараптандырылған, экологиялық және технологиялық экономиканы қалыптастыруға арналған ауқымды экономикалық трансформацияны бастан кешіп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты ел Honeywell өндірісін локализациялап, одан әрі кеңейтуге, технологияларды енгізуге мүдделі. Ол компанияның Қазақстанда Орталық Азия, Кавказ елдеріне, Әзербайжан және аймақтағы басқа да мемлекеттерге қызмет көрсете алатын аймақтық хабын құруды қарастыруды ұсынды.
Қазақстандық тарап Honeywell-дің қатысуын кеңейте түсу үшін бірнеше әлеуетті бағытты белгіледі. Олар – Қазақстан кәсіпорындарында өнеркәсіптік қауіпсіздік пен мониторингтік мақсатта қолдану үшін Honeywell өнеркәсіптік қауіпсіздік және газ талдауын қадағалау жүйесін кеңейту, қалдықтарды азайту, энергия жинақтау жөніндегі ұлттық мақсаттарға қол жеткізу шеңберіндегі өнеркәсіп пен энергетика саласындағы жобалар.
Кездесуге қатысушылар, сондай-ақ, еліміздің мұнай-газ нысандарындағы технологиялық үдерістерді басқару жүйесіне ЖИ-шешімдерін енгізу туралы компанияның ұсынысын талқылады. ЖИ-агенттерді енгізу өндірістің тиімділігін, қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыруға, процестерді оңтайландыруға және шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Honeywell – аэроғарыштық технология, өнеркәсіптік автоматтандыру және инновациялық материалдарды әзірлеу саласындағы әлемдік көшбасшы. Компанияның жылдық айналымы шамамен $35 млрд-ты құрайды.
Қазақстанда Honeywell 1998 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде Астана, Алматы, Атырау және Ақсай қалаларында кеңселері бар. Компания 500-ден аса жобаны жүзеге асырған. Бизнестің жылдық көлемі шамамен $100 млн. Ал штаты 100 қызметкерден асады. Оның ішінде 60-тан көбі инженерлер — Қазақстан азаматтары. Honeywell автоматтандыру жүйелері және UOP мұнай өңдеу технологиясы елдегі ірі — ҚМГ, ТШО, КПО, КТО, Қазминералс және басқа да ірі кәсіпорындарда қолданылады. Компания, сонымен қатар, маңызды инфрақұрылым нысандарының, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ұлттық маңызы бар мәдени орындардың киберқауіпсіздігі мен технологиялық қорғалуын қамтамасыз етеді.