Алжирде Республика күні аясында Қазақстанның таныстырылымы өтті

1320
Фотосурет: Gov

Алжирде алғашқы рет Қазақстан Республикасының күнін тойлап өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Республика күнін мерекелеу аясында Қазақстанның Алжирдегі Елшілігі БАҚ және бизнес қауымдастығы үшін Дөңгелек үстел өткізді, сонымен қатар астанасының беделді мектептерінің бірінде елдің тұсаукесері өтті.

Алжир іскерлік қоғамдастығының өкілдері, журналистер мен сарапшылар, соның ішінде президенттері – Араб-Африка инвестиция және даму орталығының Амин Буталби, «ADB» инвестициялық тобының Абделхак Бусбия және «Trade Bridge Algeria» сауда компаниясының Али Белабес қазақ дипломаттарымен пікірталас өткізді.

Елші Әнуарбек Ахметов жиналғандарға Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында және БҰҰ мінберінде айтылған негізгі сыртқы саяси және әлеуметтік-экономикалық бастамалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Тараптар Қазақстан-Алжир сауда-экономикалық ынтымақтастығының толық әлеуетін толық іске асыру мүмкіндіктері және тау-кен, ауыл шаруашылығы, энергетика, цифрландыру, көлік және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективалары туралы пікір алмасты. А.Буталби елімізді Алжир мен Африканың іскер топтарында танытуға дайын екенін білдірді. А.Бусбия Қазақстанның маңызды инвестициялық тартымдылығын және цифрлық сектордағы кең келешегін атап өтті. А.Белабес ҚР Алжирдегі Елшілігі ұйымдастырған Қазақстанға сапарын және қазақстандық тауарларды экспорттау бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар туралы ризашылықпен айтты.

Алжирде дипломатиялық өкілдіктің ашылуы Қазақстанның осы елмен, сондай-ақ араб әлемімен және тұтастай Африка континентімен қарым-қатынасты нығайтуға берік ұстанымын білдіретінін аталып өтті. Астана Алжирмен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.

«British School Algiers» (астанадағы беделді халықаралық мектептердің бірі) мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары қатысатын жыл сайынғы мерекелік шара аясында Елшілігі «Апта елі» деп танылған Қазақстанның тұсаукесерін ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты алжирлік және шетелдік оқушыларды, мұғалімдер мен дипломаттарды Қазақстанның бай мәдениетімен, дәстүрлерімен, тағамдарымен және заманауи жетістіктерімен таныстыру болды.

Осы мерекеге орай қазақстандық оқушылар «Қазақстан бұрышын» жасап, безендірді, онда балалар, мұғалімдер және қонақтар ұлттық мәдениет пен тарихтың элементтерін: дәстүрлі киімдерді, музыкалық аспаптарды, тұрмыстық бұйымдарды, қазақ мемлекеттілігі мен бірегейлігінің нышандарын тамашалады.

Мәдени жаңалықтар мен оқиғаларды көрсететін Алжирдің «Самира» телеарнасы қазақстандық стендке қызығушылық танытты. Алжирде жұмыс істейтін азаматтарымыз ұсынған қазақ тағамдары келушілерді ерекше қуантты.

Достықтың нығаюы мен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың белгісі ретінде Елші мектептің кітапханасына Қазақстан туралы кітаптарды, оның ішінде қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаев және оның шығармашылығы туралы, сондай-ақ еліміздің тарихы, мәдениеті, туризмі және қазіргі дамуы туралы басылымдарды сыйға тартты.

Ә.Ахметов мұндай шараларды өткізу Қазақстан мен Алжир халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететінін, сондай-ақ жастардың екі елдің тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыратынын атап өтті.

Жалпы, алжирлік кәсіпкерлер, журналистер, мұғалімдер мен мектеп оқушылары Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтап, еліміздің дамуындағы елеулі жетістіктерін атап өтті және Қазақстанмен жақынырақ танысуға мүмкіндік берген қазақ дипломаттарына алғыстарын білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -