Қазақстан Финляндия инвесторларына жан-жақты қолдау көрсетеді – Олжас Бектенов

957
Фотосурет: UKIMET

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Финляндия Президенті Александр Стуббпен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов елімізге ресми сапармен келген Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесу өткізді. Онда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа, өнеркәсіптегі, энергетикадағы, цифрлық, көліктік-логистикалық және су салаларындағы, сондай-ақ қаржы мен агроөнеркәсіп кешеніндегі өзара іс-қимылға назар аударылды.

ҚР Премьер-министрі Үкімет жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қадағалауға алатынын атап өтті. Финляндия – Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі.

Келіссөздер барысында сауданы одан әрі ұлғайтуда, оның құрылымын әртараптандыруда, сондай-ақ экономиканың негізгі секторларына жаңа технологиялар енгізуде елеулі әлеует бары атап өтілді.

Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде көлік саласына қатысты логистикалық орталықтар, экспортқа бағдарланған өндірістік алаңдар және тағы да басқа нысандар салу жөніндегі жоспарлар талқыланды.

Екі елдің цифрлық трансформация саласындағы түйісу нүктелері – Президент белгілеп берген Қазақстанның стратегиялық басымдығы ретінде атап өтілді. Елімізде суперкомпьютердің іске қосылуын алға тарта отырып, қазақстандық тарап Еуропадағы ең қуатты суперкомпьютерлердің бірі – LUMI-мен жұмыс істейтін Финляндиямен тәжірибе алмасуға әзір екендігін жеткізді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан Финляндиямен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға дайын. Біз экономиканың басым секторларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Үкімет елімізге келген инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеді» Олжас Бектенов

Финляндия президенті Александр Стубб Қазақстанның инвесторларға қолайлы жағдай жасау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарына оң баға беріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -