Мемлекет басшысының Америка Құрама Штаттарына ресми сапары барысында өсу әлеуеті жоғары стартаптарды ұсынып отырған қазақстандық технологиялық компаниялардың негізін қалаушылармен кездесуі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Таныстырылған жобалар технологиялық тұрғыда жетілдірілген, кеңейту мүмкіндігі мен инвестициялық тартымдылығы дәлелденген.

Барлық командалар Astana Hub резиденттері және Silkroad Innovation Hub (Орталық Еуразия инновацияларын АҚШ нарығында ілгерілетуге ықпал ететін халықаралық әріптес) платформасының қатысушылары.
«Бүгін қазақстандық командалардың әлемдік деңгейдегі технологияларды жасап қана қоймай, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті екенін көріп отырмыз. Бұл Қазақстанның идея сұранысқа ие өнімге айналатын инновациялардың экожүйесін қалыптастырып жатқанын дәлелдейді» Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев
Кездесу барысында Қазақстанның технологиялық әлеуетінің ауқымы мен әртүрлілігін көрсететін төрт стартап таныстырылды:
- VALINOR DISCOVERY, негізін қалаушысы және операциялық директоры – Жанель Нұғманова: генеративті жасанды интеллект пен мультиомдық деректерді пайдалана отырып, виртуалды пациенттерді моделдеу және дәрі-дәрмектердің тиімділігін болжайтын биотехнологиялық стартап.
- DEEPINFRA, тең құрылтайшысы – Есенжар Қанапин: машиналық оқыту және жасанды интеллект модельдерінің инференсін API арқылы жылдам орындауды қамтамасыз етеді.
- ARC AERO, тең құрылтайшысы және бас атқарушы директоры - Әсел Тұрсын: қоғамдық қауіпсіздік пен логистикаға арналған ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын әзірлейді. АҚШ-та Arc Aero 911 жедел әрекет ету жүйелерімен интеграцияланып, құқық қорғау және медицина ұйымдарында әрекет ету орталықтарын енгізіп жатыр.
- PERCEPTIS AI, тең құрылтайшы және техникалық директоры - Ерсұлтан Сапар: консалтингтік және аналитикалық құжаттарды (архивті талдаудан бастап стратегия әзірлеуге және директорлар кеңесіне арналған материалдарға дейін) автоматтандыруға арналған генеративті жасанды интеллект негізіндегі платформа. UC Berkeley түлектері және McKinsey мен Apple-дің бұрынғы қызметкерлері негізін қалаған.

«Бұрын апталарға созылатын міндеттер бірер минутта шешіліп жатқанын көріп отырмыз - нәтиженің сапасы сақталып, дереккөзі де ұсынылады. Бұл жобалардың экономикасын өзгертеді: шығынды азайтады, шешім қабылдау процесін жылдамдатады және материалды дайындау стандарттарын жоғары деңгейге көтереді. АҚШ-тағы консалтинг индустриясындағы трансформацияны қазақстандық команданың жүргізіп отырғанын мақтан тұтамыз: біз жаңа деңгейді жаһандық нарықта қалыптастырып жатырмыз» Ерсұлтан Сапар
Таныстырылған жобалар Қазақстанның технологиялық кәсіпкерлігінің ашық, жаһандық деңгейге бағытталғанын және бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Кремний алқабындағы осы экожүйенің дамуында Silkroad Innovation Hub маңызды рөл атқарады.
«Екі жыл ішінде біздің қауымдастық 350-ден астам стартапқа дейін өсті. Венчурлық инвестициялар 100 млн $-дан асты, портфельдік компаниялардың жиынтық капитализациясы 3 млрд $-дан жоғары. Аймақ пісіп-жетілді: талантты фаундерлер ірі технологиялық компанияларда жұмыс істеумен ғана шектелмейді, олар өз жобаларын құрып, жаһандық нарыққа шығарып жатыр. Біздің міндет - Орталық Еуразияны Кремний алқабында сыйлы, танымал ету, сондай-ақ стартаптардың тұрақты сатылымдарға жылдам шығуына көмектесу» Silkroad Innovation Hub негізін қалаушысы және бас атқарушы директоры Әсет Әбдуәлиев
