Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев «Орталық Азия – Қытай» XII ынтымақтастық Форумының пленарлық сессиясына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шарада сөз сөйлеген қазақстандық дипломат өңірлік кооперацияны дамытудағы алаңның маңызды рөлін атап өтті:
«Форматты ілгерілетуде Астанада өткен мемлекет басшылары Саммитінің маңызы айрықша. Осы тарихи кездесудің қорытындысы бойынша көшбасшылар «Мәңгілік достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа», сондай-ақ алдағы жылдарға стратегиялық бағдарды айқындаған «Астаналық декларацияға» қол қойды», - деді Ш.Нұрышев.

Сонымен қатар, Елші ағымдағы жылы Астанада өткен 2-ші «Орталық Азия – Қытай» Саммитінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға Қазақстанның берік екендігін, бұл өңір елдерінің өнеркәсіптік кооперациясын, инвестициялық өзара іс-қимылды және экспорттық әлеуетін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Ашылу салтанатында ҚХР Бүкілқытайлық саяси консультативтік кеңесі Төрағасының орынбасары, Қытайдың ШЫҰ-ға мүше елдермен тату көршілік, достық және ынтымақтастық комитетінің төрағасы Шэнь Юэюэ құттықтау сөз сөйледі. Ол Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынастардың сындарлы сипатын және Қытайдың өңірдің өркендеуіне және тату көршілікті нығайтуға ықпал ететін бірлескен жобаларды одан әрі жан-жақты қолдауға дайындығын атап өтті.
Салтанатты рәсімге ҚХР ШҰАА Парткомының хатшысы Чэнь Сяоцзян, Қырғызстанның Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Бақыт Торобаев, Тәжікстан Премьер-Министрінің орынбасары Дилрабо Мансури, Өзбекстанның Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы төрағасының орынбасары Рахим Хакимов, сондай-ақ ҚХР СІМ, Қытай және ОА елдерінің бизнес-қауымдастықтардың, университеттердің және кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Форумның аясында өңірлік даму, «Бір белдеу, бір жол» бірлескен құрылысы, сондай-ақ гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне арналған кіші-форумдар мен іс-шаралар өтті.

«Орталық Азия – Қытай» ынтымақтастық форумы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара алмасуларға арналған платформа болып табылады. Биыл Қытайдың ШЫҰ бойынша тату көршілік, достық және ынтымақтастық комитеті мен ҚХР ШҰАА Халық Үкіметі бірлесіп ұйымдастырған шараға Қытай мен Орталық Азия елдерінен 300-ден астам жоғары деңгейдегі қатысушылар жиналды.