Қазақстан Ресейден алғашқы амур жолбарыстарын қабылдауға дайындалуда

924
Фотосурет: Gov

Қазақстанға амур жолбарыстарын әкелу және бейімдеу жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға амур жолбарыстарын әкелу және бейімдеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Құжат аймақта баламасы жоқ - Орталық Азияда жолбарысты қайта қалпына келтіру жобасы бойынша уағдаластықтарды бекітеді.

Келісімге екі елдің экология және табиғи ресурстар министрлері - Ерлан Нысанбаев пен Александр Козлов қол қойды.

Жоспар аясында Ресей Қазақстанға төрт амур жолбарысын - екі аталық және екі аналық дараны өтеусіз береді. Жануарлар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына жеткізіледі.

Жолбарысты Қазақстанға қайта енгізу идеясының ғылыми және тарихи негізі бар. 2009 жылы халықаралық биологтар тобы (Driscoll және басқалар, 2009) жүргізген генетикалық зерттеулер нәтижесінде жойылып кеткен тұран жолбарысы мен қазіргі амур жолбарысының ДНҚ ұқсастығы дәлелденді. Бұл жаңалық жоғалған популяцияны қалпына келтіру жұмыстарына бастау болуға мүмкіндік берді.

Ресей тарапы ветеринариялық дайындық пен тасымалдауды қамтамасыз етсе, Қазақстан тарапы қарсы алу, орналастыру және мониторинг жүргізу жұмыстарын атқарады. Жоба WWF және БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылады.

2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды, онда қазіргі таңда Қазақстанға алғаш Нидерландыдан әкелінген амур жолбарыстары мекендейді.
Бағдарламаның табысты іске асырылуы Қазақстанды жолбарыс жойылып кеткен өңірге оны қайта енгізе алған алғашқы елдердің біріне айналдырады. 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -