Эстония Президенті Алар Карис «Астана Операда» өткен салтанатты кеште сөз сөйлеп, Қазақстанға жасаған сапары өзінің және делегациясының жүрегінде ерекше із қалдырғанын айтты. Ол екі ел арасындағы мәдени байланыстың маңызын атап өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Бүгін біз Эстония мен Қазақстан арасындағы достықты музыка арқылы атап өтудеміз. Музыка - біздің мәдениетіміздің және ұлттық болмысымыздың маңызды бөлігі. Мен, жұбайым Сирье және бүкіл делегация өте жылы қабылдау көрдік. Бұл әсер жадымызда ұзақ сақталады», - деді Алар Карис.
Президент сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсетілген қонақжайлығы үшін ризашылығын білдіріп, сапарды ұйымдастыруға атсалысқан қазақстандық әріптестердің еңбегіне алғыс айтты.

«Әрбір жақсы әсер - алғыс айтуға себеп. Делегациямыздың атынан барлық қазақстандық әріптестер мен Үкімет өкілдеріне рақмет айтамын», - деді ол.
Арқалықтағы мектепке эстондық пианино сыйға тартылды
Кеш барысында Алар Карис Арқалық қаласындағы мектептердің біріне эстон компаниясы пианино сыйға тартқанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл аспап екі жүз жылға жуық тарихы бар эстондық шеберлік дәстүрімен жасалған.

«Жуық уақытта, елордадан шамамен 670 шақырым қашықтықтағы Арқалықта осы аспаптың үні естіледі. Бұл - Эстония мен Қазақстан арасындағы достық әуенінің тек Астанада ғана емес, басқа өңірлерде де жалғасып жатқанының белгісі», - деді Президент.
Пианино жергілікті мектептің шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтіп, балаларға музыкамен кәсіби деңгейде айналысуға жол ашады.
Мәдениет елдерді жақындатады
Алар Каристің «Астана Операдағы» сөзі оның Қазақстанға жасаған сапарындағы негізгі оқиғалардың бірі болды. Бұл кеш мәдени жобалардың елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын көрсетті.

Музыка, жылы сөздер және екіжақты құрмет атмосферасы Эстония мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың тек ресми құжаттармен шектелмейтінін дәлелдейді. Мәдени байланыстар адамдарды жақындастырып, сенім қалыптастырады.