Қазақстан мен Қатар архив ісі саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

968
Фотосурет: archive.president.kz

2025 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Катар Ұлттық архивтері өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Құжат екі елдің архив ісін дамытуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Тараптар цифрландыру, құжаттарды сақтау мен қалпына келтіру бағытында бірге жұмыс істеуге келісті.

Меморандумға Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен Катар Ұлттық архивтерінің Бас хатшысы Жоғары мәртебелі Ахмад Абдулла әл-Буенайн қол қойды.

Құжатта көрмелер, ғылыми конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру, ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша байланыстарды кеңейту қарастырылған. Архив мамандарына тәжірибе алмасу үшін арнайы бағдарлама әзірленеді деп жоспарланды. Бұған қоса, халықаралық архивтік ұйымдармен ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды.

Келіссөз барысында Архив директоры Әлия Мұстафина Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізуге, оның ішінде архив саласына ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Бұл туралы Президент өзінің соңғы халыққа Жолдауында айтты. Осыған байланысты Архивтің 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленіп, қазіргі уақытта бекітілген жоспар негізінде жұмыс істейді.

«Тұжырымдамадағы басты бағыттар – архив ісін цифрлық форматқа көшіру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, осы саладағы озық халықаралық тәжірибелерді енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту. Сондай-ақ Катар Ұлттық архивтері де өткен жылы 2025–2030 жылдарға арналған «Болашақ жады» стратегиясын бекіткенін жақсы білеміз», – деді Әлия Мұстафина.

Өз кезегінде Катар Ұлттық архивтерінің Бас хатшысы Жоғары мәртебелі Ахмад Абдулла әл-Буенайн ел басшылығы, соның ішінде Әмірдің өзі Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беретінін жеткізді. Оның сөзінше, бұл меморандум алдағы әріптестікті дамытуға негіз болып, қазіргі архив саласында туындайтын маңызды мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік ашады.

«Бұл меморандум біздің мекемелер арасындағы байланыстарды дамытып қана қоймай, екі ел арасындағы қарым-қатынасты да бекіте түседі. Сондай-ақ бүгінде әлем архивтері алдында тұрған ортақ сын-қатерлерді бірлесіп еңсеруге жол ашады. Бұл мәселелер Халықаралық архивтер кеңесінің конференцияларында да талқыланды. Қазақстан Республикасы Президентінің Архивімен ынтымақтастық бізге архив ісін тұрақты әрі заманауи деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Катар Ұлттық архивтерінің Бас хатшысы Жоғары мәртебелі Ахмад Абдулла әл-Буенайн.

Кездесу аясында қонақтар үшін Архив ішінде экскурсия ұйымдастырылды. Олар оқырман және көрме залын, құжат сақтау қоймаларын, лабораториялық корпусты аралап, мекеменің негізгі жұмыс тәртібімен танысты.

Сондай-ақ, Қазақстан тарапы 2026 жылы өтетін «Digital Archive EXPO» III Архившілер Конгресіне шетелдік әріптестерін ресми түрде шақырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -