Бельгия сахнасында саксофон мен домбыра мәдениеттерді тоғыстырды

1155
Фотосурет: Gov
Брюссельде шырқалған ерекше музыкалық диалог, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бельгия астанасында Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігі Алматы облысы әкімдігінің «Алатау әуендері» концерт ұйымының қолдауымен ұйымдастырған ерекше концерт өтті. Іс-шара композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толуына арналды.

Концерт Шығыс пен Батысты тоғыстырған мәдени көпірге айналып, Бельгия Парламентінің депутаттарын, еуропалық институттардың өкілдерін, дипломаттарды, мәдениет қайраткерлерін және қазақ диаспорасын бір арнаға жинады. Алғашқы минуттардан-ақ қонақтар музыкалық диалог атмосферасына енді: Бельгияда пайда болған саксофон қазақ музыкалық дәстүрінің символы – домбырамен үндесті.

Екі аспаптың үйлесімі елдер арасындағы достық пен көпжылдық серіктестіктің жарқын көрінісіне айналды.

«Музыка шекара танымайды. Бұл концерт – мәдени диалогтың байланыстарымызды нығайтып, серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашатынының айқын дәлелі» Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко

Концерт бағдарламасына Нұрғиса Тілендиевтің түпнұсқа және заманауи аранжировкалардағы шығармалары, сондай-ақ Брюссель концертiне арнайы әзірленген жаңа интерпретациялар енді. Орындаушылар саксофон, домбыра, прима-қобыз және басқа да аспаптарды шебер үйлестіріп, кәсіби аудиторияның жоғары бағасына ие болған ерекше музыкалық палитра жасады.

Концерт Н.Тілендиев мұрасына құрмет қана емес, сонымен қатар Еуропадағы Қазақстанның мәдени дипломатиясын дамытудағы маңызды кезең болды. Шарадан кейін қатысушылар жаңа бірлескен жобалардың перспективаларын талқылап, мұндай бастамалар гуманитарлық байланыстарды нығайтып, шығармашылық алмасуды жандандыратынын және халықтар достығының дамуына ықпал ететінін атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -