БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау Ассамблеясының 7-ші сессиясына қатысу аясында Қазақстан делегациясы «Теңіздер мен көлдердің кебуі - XXI ғасырдың жаһандық апаты. Каспий және Арал теңіздерінің, сондай-ақ Африка, Америка, Еуропа және Азия елдерінің мысалында мәселелерді шешудің өңірлік шаралары» тақырыбында ресми сайд-ивент ұйымдастырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің делегациялары, БҰҰ басшылығы, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары-БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының Атқарушы директоры Ингер Андерсен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары-БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, Батпақты жерлер туралы конвенцияның Бас хатшысы Мусонда Мумба, Францияның Экологиялық өтпелі кезеңдегі бұрынғы министрі және Сыртқы істер министрлігінің қоршаған орта мәселелері жөніндегі елшісі Барбара Помпили, Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай қатысты.

Іс-шара теңіздер мен көлдердің кебу мәселелеріне әлемдік қауымдастықтың назарын аудару және Орталық Азия тәжірибесінің басқа өңірлер үшін пайдалы болуы мүмкін екенін көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Форумға қатысушылар Африка, Латын Америкасы және Азиядағы теңіздер мен көлдердің кебуіне байланысты өңірлік қиындықтар мен мүмкіндіктерді қарастырып, экожүйелерді қалпына келтіру және қауымдастықтың тұрақтылығын нығайту үшін кешенді трансшекаралық әрекеттерге назар аударды. Сонымен қатар, қатысушылар Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешудегі күш-жігерін, соның ішінде 2026 жылы Астанада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылатын Өңірлік экологиялық саммитті өткізуді жоғары бағалады.

Орталық Азия елдері үшін тұрақты даму мәселелерін, биоәртүрлілікті сақтау және су ресурстарын қорғау шараларын ілгерілетудегі Қазақстанның көшбасшылығы ерекше аталып өтті.

Іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушылар теңіздер мен көлдердің кебуіне қарсы тұру үшін шұғыл және бірлескен шаралар қабылдау қажеттілігін XXI ғасырдың ең үлкен экологиялық қауіптерінің бірі ретінде, экожүйені қалпына келтіру және су ресурстарын кешенді басқару саласындағы озық тәжірибелермен және инновациялық шешімдермен алмасудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар елдер мен өңірлер арасындағы халықаралық ынтымақтастықты жұмылдыру, және климаттың өзгеруіне бейімделу және әлемнің барлық аймақтары үшін су қауіпсіздігін нығайту үшін әмбебап және үнемді құрал ретінде табиғатқа негізделген шешімдерді ілгерілетудің маңыздылығы аталып өтті.