Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасындағы жаңа кезең: ҚХР Елшісінің көзқарасы

DKNews.kz сайтына арналған эксклюзивті мақаласында Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин Қытай мен Қазақстанның бірлесіп ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қалай қадам басып отырғаны туралы ой бөліседі. Ол өткен жылдың негізгі нәтижелері, екі ел арасындағы сенім, сондай-ақ алдағы жылдары халықтарымызға қандай мүмкіндіктер ашылатыны жайында әңгімелейді.

Ортақ күш-жігермен қытай-қазақ ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастырудың жаңа бетін жазайық

Жыл мезгілдері алмасып, әрбір жаңа күн жаңа жетістіктер әкеледі. Осындай сәтте, біз ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алып отырған кезде, Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің атынан қазақстандық достас халыққа жүрекжарды сәлем мен жаңа жылға арналған ізгі тілектерімді жолдауға рұқсат етіңіздер!

Mark Schiefelbein / AP

2025 жылы ҚКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық басшылығы мен тікелей қолдауының арқасында қытай-қазақ мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігі сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтеріліп, кеңейе түсті. Екі ел жақсы көршілік, достық және өзара тиімді ынтымақтастық жолын ұстана отырып, қытай-қазақ ортақ тағдыр қауымдастығын құрудың жаңа кезеңіне бірге қадам басты.

Біріншіден, мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды жаңа сатыға шығарды. Төраға Си Цзиньпин Қазақстанға алтыншы рет сапар жасап, Астанада өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитіне қатысты. Өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барып, Тяньцзиньде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы Жеңістің және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты.

Кездесулер барысында мемлекет басшылары жан-жақты пікір алмасып, сауда, инвестиция, энергетика, көлік және жоғары технология салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде маңызды консенсусқа қол жеткізді. Екі ел басшылары қол қойылған бірқатар құжаттардың алмасуына куә болып, қытай-қазақ мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін тереңдетудің жаңа жоспарын айқындады. Мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығының арқасында барлық деңгейлердегі байланыстар мен ынтымақтастық үнемі нығайып, екі ел арасындағы қатынастардың сапалы дамуына қуатты серпін беруде.

Екіншіден, негізгі мүдделерге өзара қолдау көрсету және саяси өзара сенімнің тұрақты түрде артуы. Екі тарап үшін өмірлік маңызды мәселелерде Қытай мен Қазақстан әрдайым бір-біріне нық қолдау көрсетіп, «тұрақсыз халықаралық жағдайда сенімді тірек болып, даму жолында бір-біріне қол ұшын беріп келеді». Қытай тарапы Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын, сондай-ақ өз бетінше таңдаған даму жолын әрдайым берік қолдайды. Қазақстан тарапы «бір Қытай» принципін бұлжытпай ұстанып, Тайвань, Синьцзян, Тибет және басқа да маңызды мәселелер бойынша Қытайдың ұстанымын нық қолдайды.

Үшіншіден, практикалық ынтымақтастықтың сапасы мен деңгейі артып, өзара тиімді мүмкіндіктер кеңеюде. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі мәртебесін сақтап келеді. 2025 жылдың алғашқы 11 айында Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 43,814 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3%-ға өсті. Бұл екі ел басшылары қойған екіжақты сауданы екі еселеу мақсатын жүзеге асыруға берік негіз қалады.

Қытай Қазақстан үшін маңызды инвестиция көзі болып табылады: елге салынған жиынтық инвестиция шамамен 27 млрд АҚШ долларын құрайды. 2025 жылдың алғашқы 11 айында Синьцзяндағы Алашанькоу және Қорғас теміржол өткізу бекеттері арқылы өткен Қытай–Еуропа және Қытай–Орталық Азия бағыттарындағы пойыздар саны 16 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7,6%-ға артты.

Тараптар энергетика, пайдалы қазбаларды өндіру, мұнай-химия, логистика, көлік және инфрақұрылым сияқты дәстүрлі салалардағы ынтымақтастықты нығайтып келеді. Сонымен қатар автомобиль құрастыру, заманауи ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика және құрылыс материалдарын өндіру секілді жаңа салаларда да байланыс кеңейіп жатыр. Бейбіт атом, жасыл пайдалы қазбалар, жасанды интеллект және цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастықтың да кең перспективасы ашылуда.

Төртіншіден, мәдени-гуманитарлық байланыстар айтарлықтай жанданып, халықтар жақындай түсуде. Мәдени-гуманитарлық алмасулар екі ел ынтымақтастығының жарқын белгісі әрі өсу нүктесіне айналды. Білім, ғылым мен техника, спорт және туризм салаларында жаңа келісімдерге қол қойылды. Қазақстанда үшінші «Лу Бан шеберханасы» ресми түрде ашылды.

Визасыз режимнің оң әсері жалғасуда: екі ел арасындағы жолаушылар ағыны едәуір артты, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығы арқылы тәулігіне шамамен 30 мың адам өтуде. Туризм мәдени-гуманитарлық байланыстардың жаңа «визит картасына» айналуда. Қазақстанда Қытай туризмі жылы басталды. Хайнань және Қытайдың басқа да аймақтары қазақстандық туристер арасында кеңінен танымал бола түсті, ал өзара спонтанды сапарлар екі ел туризмінің жаңа үрдісіне айналып келеді.

Мәдениет, спорт, ғылым мен техника, БАҚ, сараптамалық орталықтар, жастар және бауырлас қалалар арасындағы алмасулар жиілей түсті. «Жақындасу, түсіну және бір-бірінің табысына үлес қосу» ұраны, әсіресе жастар үшін, нақты істер арқылы көрініс табуда.

Бесіншіден, көпжақты алаңдардағы тығыз ынтымақтастық - әлемде бейбітшілік пен дамуға ортақ үлес. Қытай мен Қазақстан төрағалық ету міндеттерін атқаруда бір-біріне сенімді қолдау көрсетіп, «Қытай – Орталық Азия» екінші саммиті мен Тяньцзиндегі ШЫҰ саммитінің табысты өтуіне ықпал етті. Тараптар Ғаламдық даму бастамасы, Ғаламдық қауіпсіздік бастамасы, Ғаламдық өркениет бастамасы және Ғаламдық басқару бастамасын белсенді түрде ілгерілетуде.

БҰҰ, ШЫҰ, «Қытай – Орталық Азия» механизмі, АӨСШК және басқа форматтар аясындағы ынтымақтастық та нығая түсуде. Біз Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын дұрыс түсінуді бірге насихаттап, БҰҰ-ны өзегіне алған халықаралық жүйені және халықаралық құқық қағидаттарына негізделген халықаралық тәртіпті берік қолдаймыз. Біз шынайы көпжақты тәсілді ұстанып, тең құқықты әрі реттелген көпполярлы әлемді және баршаны қамтитын инклюзивті жаһандануды ілгерілету арқылы адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығын құруға үлес қосуды жалғастырамыз.

2025 жылдың қазан айында ҚКП ХХ съезі Орталық Комитетінің 4-пленумында 15-бесжылдық жоспарды әзірлеу жөніндегі ұсыныстар қаралып, қабылданды. Бұл Қытайдың алдағы бес жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған жүйелі жоспар мен стратегиялық бағдар болып, әлемдік экономикаға көбірек тұрақтылық пен позитив әкеліп, қытай-қазақ қатынастарының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан «Әділетті Қазақстан» құру және цифрлық мемлекет болу бағытына сүйене отырып, саяси және экономикалық реформаларды тереңдетуді жалғастыруда, елдің зор ішкі әлеуеті мен жақсы даму перспективаларын көрсетуде.

Тарихтың жаңа бастапқы нүктесінде Қытай тарапы екі ел басшыларының стратегиялық басшылығы аясында Қазақстан тарапымен бірге даму стратегияларын түйістіруге, саяси өзара сенімді нығайтуға, достық дәстүрлерді сақтауға және «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жоғары сапада жүзеге асыруға дайын. Біз бірлескен күш-жігерімізбен қытай-қазақ ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастырудың жаңа парағын жазуға ниеттіміз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -