Қазақстан мен Иордания стратегиялық диалогты кеңейтуге мүдделі

781
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иордания Корольдік сарайының Саяси мәселелер жөніндегі департамент директоры Моаз Аз-Зубимен кездесті. Кездесу екі ел арасындағы саяси диалогты тереңдету және көпқырлы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне арналды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Иордания басшыларының 2025 жылғы өзара ресми сапарлары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысын талқылады. Атап айтқанда, екіжақты қатынастардың қазіргі ахуалы мен даму перспективалары, сондай-ақ саяси, дипломатиялық және халықаралық бағыттардағы өзара іс-қимылды кеңейту жолдары сөз болды.

Сұхбатта Астана мен Амманның халықаралық аренадағы бастамаларын өзара қолдау және халықаралық ұйымдар аясында толыққанды әрі жүйелі диалог орнатудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Тараптар мұндай үйлесімді әрекет екі елдің де халықаралық беделін нығайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Моаз Аз-Зуби қазақ тарапына екі мемлекеттің бастамаларын сыртқы саясатта ілгерілетуге қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, ол 2025 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Амман қаласына ақпан айында жасаған ресми сапары мен Иордания Королі Абдалла II-нің тамыз айында Астанаға келген сапары екі ел қарым-қатынасына жаңа серпін бергенін атап өтті.

Өз кезегінде Елші Талғат Шалданбай Қазақстанның Иорданиямен өзара тиімді әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Ол Астананың толыққанды ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін және Қазақстан Елшілігінің екіжақты қатынастарды жандандыруға барынша қолдау көрсететінін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыстарды жалғастыруға және Қазақстан мен Иордания арасындағы диалогты кезең-кезеңімен нығайтуға бағытталған нақты әрі практикалық шараларды бірлесе әзірлеуге өзара қызығушылық білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -