Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған форум Nazarbayev University-нде өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
2026 жылғы 15–16 қаңтар күндері Астанада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мен Nazarbayev University бірлесіп ұйымдастырған «Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету: қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» атты форум өтті.

Форумның басты оқиғасы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар және сараптамалық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен өткен пленарлық отырыс болды.
Кездесу барысында жоғары білім берудегі сапаны қамтамасыз ету бойынша әлемдегі жетекші органдардың бірі — Quality Assurance Agency for Higher Education агенттігінің (QAA) өкілі QAA бағдарламаларын халықаралық аккредиттеу туралы сертификатты табыс етті. Аккредиттеу QAA жүргізген сыртқы бағалау рәсімінен үш академиялық бағдарламаның сәтті өтуі нәтижесінде берілді. Атап айтқанда, көптілді білім беру бойынша магистрлік бағдарлама (MA), білім берудегі көшбасшылығы бойынша магистрлік бағдарлама (MSc) және білім беру саласы бойынша PhD халықаралық талаптарға сай деп танылды.

NU президенті профессор Вакар Ахмад атап өтті:
«Академиялық адалдық пен академиялық еркіндік университет миссиясының өзегінде қала береді. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың маңызы алдағы уақытта арта түседі, ал ғылыми зерттеулер оқу үдерісімен бұрынғыдан да тығыз ықпалдасады. Nazarbayev University сапаны қамтамасыз ету мәдениетін дамытуда қозғаушы күш ретіндегі рөлін берік ұстанады. Times Higher Education (THE) 2025 жаһандық рейтингінде «Білім беру» бағыты бойынша әлемнің үздік 200 жоғары оқу орны қатарына енген NU Жоғары білім беру мектебі еліміздегі университеттермен бірлесе отырып, білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапа стандарттарын көтеру бағытында жұмыс істеп келеді»
2025 жылғы тамыз айында NU институционалдық аккредитацияны алды. Ол International Quality Review (IQR) QAA жүргізген бағалаудың нәтижесінде берілді. Бұл мойындау университеттің басқару, академиялық стандарттар және сапаны қамтамасыз ету процестерінің халықаралық талаптарға сәйкес екенін растайды.

Екі күнге созылған форумға 100-ден астам ректор мен проректор, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ QAA, НААР және ASIIN халықаралық аккредитациялық агенттіктерінің сарапшылары қатысты. Олар университеттерді халықаралық аккредитациядан өткізуге даярлау мәселелері бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Тақырыптық сессиялар барысында қатысушылар PhD докторанттарын даярлау сапасын бағалаудың жаңа тәсілдерін, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру жолдарын, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы реттеуші және рұқсат беру саясатына қатысты мәселелерді талқылады.