Орталық Еуразия стартаптары Кремний алқабында $1,3 млн инвестиция тартты

1056
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Astana Hub

Кремний алқабында төрт ай бойы өткен AlchemistX және Silicon Valley Residency (SVR) бағдарламалары өз мәресіне жетті. Бұл кезең Орталық Еуразия, MENA елдері мен Сингапурдан келген 23 стартап үшін АҚШ нарығына шығудың нақты сынағына айналды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бағдарлама нәтижелері әсерлі. Қатысушы 9 стартап жалпы көлемі $1,3 млн инвестиция тартты, ал 12 компания АҚШ-тағы корпоративтік және коммерциялық серіктестермен 108 пилоттық жобаны іске қосты. Ал осы пилоттардың негізінде түлектер портфелінің 2026 жылға болжанатын жиынтық табысы $22 млн деп бағаланып отыр.

«Бұл - стартаптардың жаһандық деңгейге дайын екенін көрсетті»

Astana Hub басқарушы директоры Таңат Өскембаевтың айтуынша, бағдарламалар қысқа уақыт ішінде нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берген.

«AlchemistX және Silicon Valley Residency Орталық Еуразия стартаптары үшін жаһандық нарықтарға шығуға және Кремний алқабының сараптамалық қолдауына қол жеткізуге жол ашты. Инвестициялар мен пилоттық жобалардың саны стартаптардың ауқымдануға және халықаралық деңгейге шығуға дайын екенін айқын көрсетті», — дейді ол.

Бағдарлама барысында командалар тек теориямен шектелмей, нақты нарықпен жұмыс істеді. Стартаптар воркшоптарға, сату бойынша тренингтерге, менторлық сессияларға қатысып, сату воронкаларын құруды, өнімдерін АҚШ нарығына бейімдеуді және әлеуетті клиенттермен тікелей жұмыс істеуді үйренді.

География кеңейді, қауымдастық қалыптасты

Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы және бас директоры Әсет Абдуалиев бағдарламаның тек акселерация ғана емес, халықаралық ортаға айналғанын атап өтті.

«Биыл біз 225 өтінім қабылдап, ішінен 23 мықты команданы таңдадық. Жоба географиясы 4 елден 7 елге дейін кеңейді, оның ішінде Қатар, Сингапур және Грузия бар. Бұл бағдарламаның айналасында нағыз халықаралық қауымдастық қалыптасқанын көрсетеді», — деді ол.

Оның айтуынша, стартаптар тек білім алып қоймай, өзара серіктестікке де бара бастады. Мысалы, Моңғолиядан келген Open Spot стартапы қазақстандық HANDYMATY командасымен бірігіп, автотұрақ инфрақұрылымына арналған кешенді шешім әзірлеуге кіріскен.

Сонымен қатар Қазақстаннан ALEEM және Өзбекстаннан Makon AI сияқты жас фаундерлердің EdTech бағытындағы жобалары ерекше назар аудартты. Олар әлі университетте оқып жүрсе де, өз буынына қажет өнімдер жасап жатыр.

Demo Day: білімнен авиацияға дейін

Қорытынды Demo Day барысында стартаптар EdTech, HealthTech, B2B SaaS, өнеркәсіптік автоматтандыру, креативті индустриялар, авиациялық технологиялар және басқа да салалардағы шешімдерін ұсынды.

Қатысушылар қатарында Aleem, GrowyAI, QazTWIN, Makon AI, HANDYMATY, Virtual Story, Viral Video және басқа да командалар болды. Көпшілігі өнімін жетілдіріп, бизнес-моделін нақтылап, АҚШ нарығына шығуға дайын екенін көрсетті.

QazTWIN: зауыттардың цифрлық егізі

Бағдарлама аясында ерекше көзге түскен стартаптардың бірі — QazTWIN. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған цифрлық егіз платформасы. Команда зауыттар мен инфрақұрылым нысандарының 3D-модельдерін жасап, оларды SCADA, IoT және ERP деректерімен біріктіреді. Нәтижесінде жабдықтарды онлайн бақылап, ақауларды алдын ала болжауға мүмкіндік туады.

QazTWIN стартапының теңқұрушысы Ануар Жаксылықтың айтуынша, бағдарлама компания үшін шешуші кезең болды.

«Demo Day-де 5-орын алуымыз шетелдік серіктестердің қызығушылығын тудырып, алғашқы пилоттарды іске қосуға жол ашты. Қазір біз платформаны халықаралық клиенттерге бейімдеуге, АҚШ-та компания ашуға және QazTWIN-ді жаһандық SaaS-шешім ретінде дамытуға басымдық беріп отырмыз», — деді ол.

Алда - үшінші лег

AlchemistX — АҚШ-тағы жетекші B2B-акселераторлардың бірі Alchemist Accelerator әзірлеген, Орталық Еуразия стартаптарына арналған арнайы бағдарлама.

Ал Silicon Valley Residency — Silkroad Innovation Hub-тың негізгі бастамасы, ол стартаптарды Кремний алқабының экожүйесіне жүйелі түрде интеграциялауға бағытталған.

Бағдарламалар Қазақстан мен Өзбекстанның салалық министрліктері, Astana Hub және венчурлық құрылымдардың қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Алғаш рет 2024 жылы іске қосылған бірінші легінен 22 стартап өткен.

2026 жылдың көктемінде бағдарламалардың үшінші легіне іріктеу басталады. Қатысу шарттары мен мерзімдері туралы өзекті ақпарат Astana Hub платформасында жарияланады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -