Қазақстан мен Қытай арасындағы диалогта университеттердің рөлі алдыңғы қатарға шықты

1870
Арман Қоржымбаев Бас редактор

2026 жылғы 20 қаңтарда Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь М.С.Нарықбаев атындағы КАЗГЮУ университетіне сапармен барды. Сапар аясында ол университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Талғат Нарықбаевпен кездесті. Елшіні ҚХР Елшілігінің кеңесшісі Цзян Чжунлян еріп жүрді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағын, сондай-ақ жоғары оқу орындарының екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы рөлін талқылады.

Қытайдың дамуы және екіжақты әріптестік

Елші Хань Чуньлинь Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып, соңғы жылдары қол жеткізілген негізгі нәтижелер мен стратегиялық басымдықтарға тоқталды. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың түрлі салаларда - экономикадан бастап білім беру саласына дейін - тұрақты түрде нығайып келе жатқанын атап өтті.

Қытай дипломаты М.С.Нарықбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің екі ел арасындағы білім беру саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Оның айтуынша, «Он бесінші бесжылдық» кезеңінде қытай-қазақстандық қатынастар жаңа тарихи мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

Елшінің пікірінше, дәл осы кезеңде екі елдің жоғары оқу орындары өз әлеуетін толық пайдаланып, ынтымақтастықты тереңдету арқылы мемлекеттердің жаңғыруына және Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестіктің дамуына жаңа серпін бере алады.

Университеттер - жаңа кезеңнің қозғаушы күші

Талғат Нарикбаев өз сөзінде университеттің негізгі қызмет бағыттары туралы айтып, Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді. Оның айтуынша, құқық және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобалар ерекше қызығушылық тудырып отыр.

Сондай-ақ ол КАЗГЮУ университеті қазақстан-қытай қатынастарының жаңа кезеңін қалыптастыруға өз үлесін қосуға ниетті екенін атап өтті. Сарапшылар бұл кезеңді екі ел арасындағы жаңа «алтын отызжылдық» ретінде сипаттайды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар академиялық байланыстарды одан әрі дамытуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға мүдделі екенін растады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -