Мәжіліс депутаты: реформалар билік тармақтары арасындағы теңгерімді күшейтті

2090
Фотосурет: © Sputnik / Владислав Воднев

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша, елімізде қолға алынған бүгінгі реформалардың мақсаты – билік пен қоғам арасындағы өзара сенімге негізделген жаңа келісімді қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың мазмұны мен архитектурасын түбегейлі жаңарту. Ол өз сөзінде кейінгі жылдары қабылданған шешімдер осы мақсатқа жүйелі түрде қызмет етіп келе жатқанын тілге тиек етті.

«Тепе-теңдік бар жерде тұрақтылық бар» деген саяси қағидатқа сүйенсек, жүзеге асырылған реформалар билік тармақтары арасындағы теңгерімді нығайтып, институционалдық дамудың жаңа кезеңін қалыптастырды. Осы логиканың заңды жалғасы ретінде Құрылтайдың өкілеттіктерін кеңейту мәселесі күн тәртібіне шықты. Құрылтайға Конституциялық сотты, Жоғары аудиторлық палатаны және Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыруға қатысу құқығын беру бұл институттардың тәуелсіздігін арттырып қана қоймай, олардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтеді», дейді депутат.

Ол, сондай-ақ, Халық кеңесі институтының маңызы туралы да ойын білдірді. Халық кеңесі жай ғана консультативтік алаң емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің институционалдық көрінісі екенін жеткізді.

«Қоғамда толассыз жүріп жатқан мәдени, рухани процестерден туындаған проблемалармен айналысатын нақты институттар бар. Әрине, мемлекеттік иниституттар белгіленген регламент аумағында жұмыс істейтіні белгілі. Ал, Халық кеңесінің ауқымдылығы – әлгіндей ауылдық, аудандық, өңірлік, тіпті республикалық алаңдарда қордаланған, жинақталған түрлі ұсыныстарды, пікірлерді, көзқарастарды бір алаңда тоғыстырып, айтылған сөзді жерде қалдырмай нақты механизмге айналдыру», деп ойын сабақтады Ж.Әшімжан.

Ел Президентінің былтыр 5 қарашада «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қойғанын еске салған депутат ішкі саясатқа қатысты қағидаттарды жүзеге асыратын қуатты институттардың бірі – Халық кеңесі екенін жеткізді.

«Осы тұрғыдан келсек, Халық кеңесі – идеологиялық ұстанымды, стратегиялық сабақтастықты заңның талабына сәйкестендіретін орган. Мәдени, рухани, шығармашылық ұғымдардың ауқымы өте кең, тіпті шексіз. Ал, оны заң тіліне жатқызу уақыт пен кеңістік тұрғысынан алғанда оңай шаруа емес. Бұл мәселелермен айналысатын мемлекеттік органдар регламенттер мен тиісті заңнамалық актілердің аясынан шыға алмауы да мүмкін. Ал Халық кеңесі қоғамда қордаланған түйткілдерді кәсіби тұрғыдан түп тамырына дейін терең саралап, талдап, таразылап нақты заңнамалық ұсынысқа айналдыра алатын айрықша орган болады деген үміт басым. Яғни, нақты саяси және құқықтық тетіктерге ие болады деген сөз», деді ол.

Сондай-ақ депутат барлық этностың мүддесін қамтитын Халық кеңесіне конституциялық негіз беру стратегиялық тұрғыдан аса маңызды әрі бұл күшпен немесе әкімшілік ресурспен емес, диалог арқылы нақты нәтижелерді қамтамасыз ететін институт екенін айтты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -