Ауыл шаруашылығы бүгінде тек дәстүрлі сала ғана емес, экономикалық өсімнің маңызды тірегіне айналып отыр. Бұл Мәскеудегі «Крокус-Сити» іскерлік орталығында AGRAVIA ірі халықаралық көрмесі аясында өткен «Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығындағы ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті» атты форумда айқын көрінді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараны Ресейдегі Қазақстан Елшілігі «Агрос Экспо Групп» ЖШҚ көрме компаниясының қолдауымен ұйымдастырды. Форумға екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, агробизнес, салалық қауымдастықтар мен сарапшылар қатысып, агроөнеркәсіптік кешендегі нақты мүмкіндіктер мен болашақ жобаларды талқылады.

Әлеует бар, мүмкіндік те жеткілікті
Форумды аша отырып, модератор – РҒА академигі, РФ Сауда-өнеркәсіп палатасының Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту комитетінің төрағасы Петр Чекмарев Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісінде әлі толық ашылмаған үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.

Оның айтуынша, екі ел де егістік алқаптарын кеңейтуге мүмкіндік беретін ауқымды жер ресурстарына ие. Сонымен қатар өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру үшін барлық алғышарттар бар.
Қазақстанның агросаладағы серпіні
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев өз сөзінде еліміздің бірегей табиғи ресурстық әлеуетіне тоқталды. Қазақстан жайылымдық жерлер көлемі бойынша әлемде алтыншы, ал егістік жерлер бойынша сегізінші орында тұр.

«Соңғы он жылда Қазақстанда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсіп, 7 миллиард доллардан 18 миллиард долларға жетті. Біз 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есеге арттыруды мақсат етіп отырмыз», – деді Елші.

Ол Ресеймен аграрлық ынтымақтастық Қазақстан үшін ерекше маңызға ие екенін айтып, екіжақты өзара іс-қимылды күшейтуге шақырды.
Кадр мәселесі – басты фактор
Форумда адам капиталына ерекше көңіл бөлінді. Федерация Кеңесінің Аграрлық-азық-түлік саясаты және табиғатты пайдалану жөніндегі комитетінің мүшесі Геннадий Орденов қазіргі ауыл шаруашылығы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

«Бүгінгі агросала тек агрономия мен зоотехникамен шектелмейді. Бұл – цифрлық технологиялар, автоматтандыру, GPS-навигация және инновациялық биотехнологиялар. Аграрлық білім беру саласындағы ынтымақтастық – бұл болашаққа салынған инвестиция», – деді ол.
Орденовтың айтуынша, бүгінде Қазақстан Ресейдің аграрлық жоғары оқу орындарында оқитын студенттер саны бойынша екінші орында тұр. Бұл – екі ел арасындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің нақты көрсеткіші.

Мал шаруашылығында ортақ стратегия қажет
РФ Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Ольга Абрамова Қазақстанның АӨК дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Ол Ресей бұл процесте маңызды серіктес бола алатынын айтты.

Мысал ретінде қазақтың ақбас сиыр тұқымы келтірілді. Бұл тұқымның бір бөлігі Ресей аумағында шоғырланған.
«Мал шаруашылығын бірлесіп дамыту үшін осы тұқымды өсірудің ортақ стратегиясын әзірлеу қажет. Қазақстанға өз табындарын сапалы мал басымен толықтыру маңызды», – деді ол.
Инвестиция және ЕАЭО мүмкіндіктері
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айбол Арғынғазинов Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетіне тоқталды.

Оның айтуынша, инвесторлар үшін тұрақты ережелер, болжамды шарттар мен сенімді реттеуші орта шешуші рөл атқарады. Қазақстанда бүгінде мұндай жағдай жасалған.
«ЕАЭО-ның бірыңғай нарығымен үйлескенде, Қазақстан өндірістік кооперацияны, соның ішінде ресейлік компаниялармен бірлескен жобаларды дамыту үшін ыңғайлы алаңға айналып отыр», – деді ол.
Сөзден – іске
Форум барысында екі елдің агроөнеркәсіптік компаниялары мен бизнес-қоғамдастығының өкілдері де өз ұсыныстарын ортаға салды. Қазақстан тарапынан сүт, май және мал шаруашылығы салаларын ұсынатын қауымдастық басшылары сөз сөйлеп, нақты жобалар мен ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

Қатысушылардың пікірінше, қазіргі жаһандық экономикалық жағдай агросалада жаңа тәсілдерді, озық технологияларды және икемді шешімдерді талап етеді.

Форум қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы үйлесімді өзара іс-қимыл, тәжірибе алмасу және ортақ шешімдерді іздеу екі елдің экономикалық қарым-қатынасын жаңа, сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірілді.