Қазақстан мен Мексика арасындағы байланыстар жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстан Республикасының Мексика Құрама Штаттарындағы Елшілігінде Қазақстанның Мехико қаласындағы Құрметті консулдығын ашу рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл оқиға екі ел арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жолындағы маңызды қадам болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Елшілігінің қызметкерлері, Қазақстанның Мехикодағы Құрметті консулы Карлос Баррера, Мексика Сыртқы істер министрлігінің Африка, Орталық Азия және Таяу Шығыс жөніндегі Бас директоры Анибал Гомес Толедо, Мексика Бас Конгресі Депутаттар палатасының депутаты әрі «Қазақстан-Мексика» парламенттік достық тобының төрайымы Марибель Мартинес Руис, Мексика Экономика министрлігінің, Мехико қаласының «Мигель Идальго» аудандық әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ CANACINTRA-ға мүше іскер топтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстандағы реформалар мен жаңа серіктестік мүмкіндіктері
Іс-шараны Қазақстанның Мексикадағы Елшілігінің кеңесшісі Ерлан Құбашев ашып, Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы, елде жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалар және халықаралық серіктестікке ашық саясат туралы баяндады.

Ол Мексика Сыртқы істер министрлігіне Карлос Баррераның кандидатурасын қолдап, бекіткені үшін алғыс білдіріп, оның Қазақстан мен Мексика арасындағы байланыстарды нығайтуға қосып жүрген үлесін және Елшілікпен тығыз ынтымақтастығын ерекше атап өтті.
Құрметті консулдық – байланыстарды кеңейтудің тиімді тетігі
Салтанатты рәсім барысында Құрметті консулдықтың ашылуы Қазақстан-Мексика қатынастарындағы маңызды кезең екені айтылды. Құрметті консулдар институты халықаралық байланыстарды дамытуда, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда тиімді құрал ретінде өзін дәлелдеген.

Мексика Сыртқы істер министрлігінің Бас директоры Анибал Гомес Толедо екіжақты қатынастардың тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстан мен Мексика арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуымен құттықтады. Оның айтуынша, Қазақстан Мексика үшін Орталық Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес болып табылады.
Сонымен қатар ол Мексикаға келетін қазақстандық туристер санының артып келе жатқанын айтып, бұл үрдісті өзара сенімнің нығаюы мен халықтар арасындағы байланыстардың кеңеюінің көрінісі ретінде бағалады.

Жаңа Құрметті консул – жаңа мүмкіндіктер
Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Мехико қаласындағы Құрметті консулы болып тағайындалған Карлос Баррера қазақстандық тарапқа, сондай-ақ Мексика Үкіметі мен Сыртқы істер министрлігіне көрсетілген жоғары сенім үшін алғыс білдірді.
Ол сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Мексика кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды ілгерілетуге бар күшін салатынын жеткізді.
Рәсім соңында Карлос Баррераға Мексика Сыртқы істер министрлігі берген Құрметті консулдың ресми куәлігі табысталды.
Қазақстанның Мексикадағы екінші Құрметті консулдығы
Карлос Баррера – мексикалық кәсіпкер, Мексиканың Ұлттық өңдеуші өнеркәсіп палатасының (CANACINTRA) өнеркәсіп секторы бойынша вице-президенті.
Мехико қаласындағы Құрметті консулдық — Қазақстанның Мексика аумағындағы екінші құрметті консулдық мекемесі. Алғашқысы 2018 жылы Гвадалахара қаласында ашылып, Халиско мен Наярит штаттарын қамтитын консулдық округ ретінде жұмыс істеп келеді.
Жаңа консулдықтың ашылуы Қазақстан мен Мексика арасындағы саяси диалогты тереңдетіп, сауда, инвестиция, туризм және іскерлік байланыстарға жаңа серпін береді деп күтілуде.