Тоқаев пен Трамп Давоста не туралы сөйлесті: қысқа әңгімеге қатысты жаңа мәліметтер жарияланды

1342
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан Президентінің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Давоста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында болған қысқа әңгімеге қатысты егжей-тегжейлі түсініктеме берді. Оның айтуынша, бірқатар БАҚ өкілдері осы кездесудің мазмұны жөнінде пікір білдіруді сұраған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қысқа әңгіме Давоста өткен Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсімі кезінде болған.

Авраам келісімдері назарда болды

Руслан Желдібайдың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық әріптесінің назарын Давос форумында таратылған «Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі» атты ресми құжатқа аударған.

Аталған құжатта 177-ші жетістік ретінде Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы көрсетілген. Мемлекет басшысы осы жайтты Дональд Трамппен әңгіме барысында атап өткен.

«Зерделі саясатқа» сәттілік тіледі

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президентіне ішкі саясатта «зерделі саясатты» жүзеге асыру жолында табыс тіледі.

Өз кезегінде Дональд Трамп Қазақстан Президентіне Бейбітшілік кеңесін құру бастамасын қолдағаны үшін алғыс білдірген. Бұл туралы да Президенттің баспасөз хатшысы мәлімдеді.

Давостағы маңызды рәсім

Айта кетейік, 22 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Давостағы конгресс-орталыққа барып, АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсіміне қатысты.

Аталған рәсімге Қазақстан Президентімен қатар 18 елдің көшбасшылары мен ресми өкілдері қатысқан.

Қазақстан – бастаманың алдыңғы қатарында

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптан Газа бойынша құрылып жатқан Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырту алған алғашқы мемлекет басшыларының бірі болғаны хабарланған.

Сонымен бірге Қазақстанға жаңа құрылымның мемлекет-құрушы елдерінің бірі болу ұсынысы жасалған.

Бейбітшілік кеңесі немен айналысады

Вашингтонның тұжырымдамасына сәйкес, Бейбітшілік кеңесі Газа секторының бейбіт дамуына қатысты стратегиялық бақылау жүргізуге, халықаралық ресурстарды жұмылдыруға және қабылданған міндеттемелердің орындалуын қадағалауға жауапты болады.

Ақ үйдің мәліметінше, учредительдік атқарушы кеңес құрамына дипломатия, инфрақұрылым, девелопмент және экономикалық стратегия саласында тәжірибесі бар жеті адам кіреді. Әрбір мүше Газаны тұрақтандыру үшін аса маңызды бағыттардың біріне жауап береді.

Сонымен қатар Газа атқарушы кеңесі құрылып, ол жаңа үкіметтің қызметін бақылаумен айналысады. Бұл кеңеске 11 адам енеді, оның ішінде төрт учредительдік атқарушы кеңес мүшесі бар.

Бұған дейін Дональд Трамп жаңа құрылымды «кез келген уақытта және кез келген жерде жиналған ең ұлы әрі ең беделді кеңес» деп атаған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -