Ақмола облысында құмар ойындарға тәуелділік тәуекелдері және мемлекеттік қызметтегі оның алдын алу шаралары талқыланды
Ақмола облысында мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойынға тәуелділіктің (лудоманияның) алдын алу бойынша жұмыс күшейтілді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен және облыс әкімдігімен бірлесіп, ойынға тәуелділіктің салдарын түсіндіруге және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесін нығайтуға бағытталған ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері, әдеп жөніндегі уәкілдер және ғылыми сала өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында спикерлер ойынға тәуелділік жеке психологиялық мәселе шеңберінен шығып, қоғам алдында мемлекеттік қызметтің имиджіне орны толмас нұқсан келтіретінін атап өтті. Лудомания мемлекеттік қызметтің әдеп негіздерін әлсіретіп, мемлекеттік аппараттың беделіне нұқсан келтіретін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің қауіпті катализаторы болып табылатыны айтылды.

Спикерлер Қазақстандағы ойын бизнесі саласындағы заңнамалық өзгерістер мен бақылауды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударды. Департамент өкілдері мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін әрекеттер жасау қатаң тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салды. Агенттік пен облыс әкімдігінің бірлескен жұмысы мемлекеттік ұжымдарда тәуелділіктің кез келген түріне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге уақтылы консультациялық көмек көрсетуге бағытталған.
Іс-шара соңында барлық деңгейдегі қызметшілерді осындай түсіндіру жұмыстарына тартудың маңыздылығы атап өтілді. Қатысушыларға ойынға тәуелділіктің салдары туралы талдамалық мәліметтер ұсынылып, тақырыптық бейнероликтер көрсетілді. Талқылау қорытындысы бойынша өңірде лудоманияның алдын алу жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірленді.

Мемлекеттік қызметшінің бейнесі парасаттылық пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісі болуға тиіс. Құмар ойындарға әуестік әдепке қайшы деп танылады, өйткені ол парасаттылық идеалдары мен мемлекеттік қызметтің іргелі құндылықтарына түбегейлі қайшы келеді.