Жасанды интеллекттен «ақылды кампусқа» дейін: Қазақстан Лондонда білімнің болашағын қалай көрсетті

979
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан халықаралық білім беру технологиялары аренасында өз орнын нығайтып келеді. Лондонда өтіп жатқан BETT Show 2026 халықаралық көрмесінде еліміздің ұлттық павильоны отандық жоғары білім беру жүйесінің нақты жетістіктерін – жасанды интеллект, цифрландыру және инклюзивті білім беру бағытындағы әзірлемелерді әлемдік аудиторияға ұсынды, деп хабарлайды DKNews.kz.

2026 жылғы 21–23 қаңтар аралығында ExCeL London көрме орталығында өткен British Education Training and Technology Show (BETT) – білім беру технологиялары саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі. Жыл сайын бұл көрме 130 елден 30 мыңнан астам білім беру ұйымдарының басшыларын, оқытушыларды, стартаперлер мен инвесторларды біріктіреді.

Биылғы шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Қазақстанның жетекші университеттерінің басшылары қатысты.

Қазақстан: тәжірибе жинаушы емес, дайын шешім ұсынушы ел

Қазақстан BETT Show көрмесіне екінші рет қатысып отыр. Егер өткен жылы негізгі мақсат халықаралық тәжірибені зерделеу мен серіктестік орнату болса, 2026 жылы ұлттық павильон нақты нәтижелерді – университеттердің цифрлық трансформациясы мен технологиялық дамуын көрсетті.

Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды және Мемлекет басшысының 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялаған стратегиялық бағытымен тікелей үндеседі.

Nazarbayev University: білім берудегі стартаптар мен жасанды интеллект

Nazarbayev University көрмеде цифрлық және инклюзивті білімге бағытталған үш стартап-жобаны таныстырды.

Alpha Education – LMS-платформаны, университет бағдарламаларын және AI-инфрақұрылымды біріктіретін IT-білім беру экожүйесі. Жоба еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлауға бағытталған.

Artisan Education – инженерлік ойлауды дамытуға арналған жеке STEAM-платформа. Жоба бүгінде Қазақстанның 68 мектебінде енгізілген және халықаралық нарыққа шығып жатыр.

Ал WeGlobal.AI платформасы жасанды интеллект арқылы тәуекел тобындағы оқушыларды ерте анықтауға және олардың әл-ауқатын қолдауға көмектеседі. Қазіргі таңда ол Орталық Азиядағы 1000-нан астам мектепте қолданылып келеді.

ЕҰУ: инклюзивті технологиялар мен «ақылды кампус»

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті BETT 2026 көрмесінде инклюзивті білім мен жасанды интеллектке негізделген бірқатар жобаларды ұсынды.

Олардың қатарында:

  • кәсіби сурдотіл аудармасымен MOOCs;
  • қазақ тіліндегі цифрлық аватар-сурдотіл аудармашы;
  • лекцияны табиғи түрде жеткізетін эмоционалды AI-аватар бар.

Сонымен қатар Smart.ENU платформасы таныстырылды. Бұл – AI, IoT және үлкен деректерді талдау арқылы оқу процесін жекелендіруге және университетті тиімді басқаруға мүмкіндік беретін «ақылды кампус» экожүйесі.

Ерекше қызығушылық тудырған жобалардың бірі – Қытайдың Тяньцзинь кәсіби институтымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Лу Бань шеберханасы». Ол Deep Learning, Machine Learning, Data Mining және өнеркәсіптік киберқауіпсіздік бағытында мамандар даярлауға арналған.

Satbayev University: биотехнология және «ақылды» қаптама

Satbayev University биотехнология, медицина, агроөнеркәсіп және су тазалау салаларындағы ғылыми әзірлемелерін көрсетті.

Атап айтқанда:

  • аграрлық технологияларды дамытуға арналған биотехнологиялық R&D орталық;
  • ұзақ әсер ететін жара жазатын полимерлі материал;
  • агроқалдықтардан жасалған жеуге жарамды «ақылды» қаптама;
  • су тазалауға арналған антисептикалық композиттер.

Атырау университеті: AI HUB және киберқауіпсіздік

С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті AI HUB аясындағы жобаларын таныстырды.

Олардың ішінде:

  • Edu Data Insight – AI-ментор арқылы студенттердің академиялық жолын талдайтын жүйе;
  • Edu AVATAR – автоматты контент пен тесттерді қалыптастыратын иммерсивті платформа;
  • киберқауіптерді талдайтын Fixit жүйесі;
  • персонал тиімділігін бағалайтын HRtech шешімі бар.

Студенттік IT-шешімдер және Smart City

Kozybayev University Smart City концепциясы аясында студенттер әзірлеген қолданбалы IT-жобаларды ұсынды:

  • KU Timetable – оқу кестесін автоматты түрде құру;
  • KU Track – жобаларды басқару платформасы;
  • District – кондоминиумдарды басқару қосымшасы;
  • Scroll – талапкерлерге арналған 24/7 чат-бот.

Инженерия, цифрлық археология және мәдени мұра

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті инженерлік білім берудің жаңа үлгісін – «Лу Бань шеберханасын», сондай-ақ цифрлық археология жобасын таныстырды. Соңғысы 4 мың жылдық жартас суреттерін VR форматында зерттеуге мүмкіндік береді.

Ал KazGASA архитектуралық мұраны сақтау үшін «цифрлық егіздер», 3D және AR технологияларын қолданатын платформасын көрсетті.

Қазақстандағы британдық кампус

BETT Show 2026 көрмесінде Cardiff University Kazakhstan – Russell Group университетінің Орталық Азиядағы алғашқы кампусы жаңа бакалавриат және магистратура бағдарламаларын, сондай-ақ 10 мың студентке арналған 20 гектарлық кампус жобасын таныстырды.

Білім экспорттайтын елге айналу жолы

Қазақстандық университеттердің BETT Show 2026 көрмесіне қатысуы елдің цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы ұлттық стратегиясының нақты нәтижесін көрсетті. Бұл – Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігінде технологиялық шешімдер ұсынатын, бәсекеге қабілетті елге айналып келе жатқанын айқын дәлелдейді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -