Қазақстан мен Андорра парламенттері диалогты күшейтуде: онлайн-отырыс өтті

836
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Андорраның парламентшілері онлайн-отырыс өткізіп, оның барысында екі ел арасындағы екіжақты байланыстардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын, сондай-ақ заң шығару органдары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру жолдарын талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу Қазақстан мен Андорра арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 18 жыл толған кезеңмен тұспа-тұс келуімен ерекше символдық мәнге ие болды. Тараптар осы уақыт ішінде өзара ықпалдастықтың дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, қол жеткізілген нәтижелерге оң баға берді.

Парламентаралық байланыстар - сенім мен диалог тетігі

Келіссөздер барысында парламентшілер парламентаралық байланыстардың екіжақты қатынастарды нығайтуда және саяси диалогты тереңдетуде маңызды рөл атқаратыны жөнінде ортақ пікірге келді. Осы орайда:

  • халықаралық және парламентаралық ұйымдар аясында бастамаларды өзара қолдау,
  • заң шығару саласындағы тәжірибе алмасу,
  • институционалдық диалогты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар тараптар өткен жылдары бірқатар бағыттар бойынша өзара іс-қимыл жолға қойылғанын атап өтіп, әріптестіктің жаңа перспективалық салаларын айқындандап, оларды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

Қазақстандағы реформалар туралы ақпарат берілді

Отырыста қазақ делегациясы елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы кеңінен мәлімет ұсынды. Атап айтқанда, конституциялық реформа, сондай-ақ бірпалаталы Парламент құру бастамасы жөнінде ақпарат беріліп, бұл өзгерістердің мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және өкілді биліктің тиімділігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.

Андорра тарапы Қазақстандағы реформаларға қызығушылық танытып, осындай өзгерістер аясында тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті.

Диалог жалғасады

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тұрақты диалогты қолдау, сондай-ақ үйлестіруді жалғастыру жөнінде уағдаласты. Парламентшілердің пікірінше, ашық диалог пен өзара түсіністік Қазақстан мен Андорра арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Андорра арасындағы дипломатиялық қатынастар 2008 жылғы 30 қаңтарда орнатылған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -