Қазақстан мен Қытай 2,2 млрд долларлық үш ЖЭК жобасын іске асырады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мәжіліс Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялады.
Мәжілістің пленарлық отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ЖЭК жобаларын жүзеге асыруға бағытталған келісімнің негізгі бағыттарын баяндады.
COP-29 климаттық форумы аясында қол қойылған құжат Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарында жалпы қуаттылығы 1,8 ГВт болатын үш ірі энергетикалық нысан салуға мүмкіндік береді.
Құны 2,2 млрд АҚШ долларын құрайтын жобалар халықаралық қаржы институттарының қатысуымен қаржыландырылады. Жобалар аясында қуаттылығы 1,5 ГВт болатын екі жел электр стансасы және 300 МВт-тық бір күн электр стансасы салынады. Сондай-ақ энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін заманауи энергия жинақтау жүйелері енгізіледі.
«Бұл жобалар жыл сайын 5,7 млрд кВт-сағаттан астам жасыл электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді және көмірқышқыл газының шығарындыларын 4,5 млн тоннаға дейін азайтады. Осы арқылы Қазақстанның климаттық мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосады», – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов
Жоспар бойынша құрылыс кезеңінде шамамен 2 мың, ал нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ жобалар өңірлердегі өзге де салалардың дамуына серпін береді.
Қазіргі уақытта жобалар жобалау жұмыстары мен келісімшарттық құжаттарды әзірлеу кезеңінде. Мәжілістің келісімді ратификациялауы Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты және «жасыл» энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам саналады.