Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен әлемдегі ең ірі азық-түлік көрмелерінің бірі — Gulfood 2026 алаңында Қазақстан өз агроөнеркәсіптік әлеуетін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Көрмеге Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен қатысқан «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы қазақстандық астық саласының экспорттық мүмкіндіктерін халықаралық әріптестерге таныстырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл жолы Қазақстан тек өнімін көрсетумен шектелмей, Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдерімен ұзақмерзімді ынтымақтастыққа бағытталған нақты келіссөздер жүргізді.

Парсы шығанағы - жаңа экспорттық бағыт
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстелде Қазақстаннан өсімдік шаруашылығы өнімдерін Парсы шығанағы елдеріне жеткізуді кеңейту мәселелері талқыланды. Аймақ елдері азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беріп отыр және импорт көздерін әртараптандыруға мүдделі.
Келіссөздер қорытындысында AfaqAl Waha, North Wind Trading Services SPC және Nexgen Trading LLC компанияларымен ынтымақтастық жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл қазақстандық астық үшін жаңа әрі тұрақты нарық қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Аграрлық саудадағы жасанды интеллект
Gulfood 2026 көрмесінің тағы бір маңызды нәтижесі — «Азық-түлік корпорациясының» Almukarramah компаниясымен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюы болды. Бұл компания жасанды интеллектке негізделген азық-түлік және агросаудаға арналған цифрлық платформаны әзірлейді.
Аталған платформа агротехнологияларды, фудтехті, финтехті және логистиканы бір экожүйеге біріктіріп, фермерлерді, сатып алушыларды, сатушыларды, төлем сервистері мен логистикалық операторларды бір арнада байланыстырады.
Алдағы уақытта ұлттық астық операторы T57 цифрлық платформасының корпоративтік жазылушысы болады деп күтілуде. Бұл Қазақстанға халықаралық сауда ағындары, нарықтық талдау және тексерілген контрагенттер туралы деректерге тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін бұл не береді
Almukarramah өкілдерінің айтуынша, Қазақстанның ұлттық астық операторының платформаға қосылуы Орталық Азиядағы цифрлық агросауда экожүйесін кеңейтіп, жаһандық азық-түлік саудасының бірыңғай арнасын қалыптастыруға серпін береді. Ал «Азық-түлік корпорациясы» үшін бұл қазақстандық агроөнімді халықаралық сауда тізбектеріне жүйелі түрде енгізудің жаңа мүмкіндігі.

Сұраныс бар, енді логистика маңызды
Таяу Шығыс елдерінің қазақстандық астыққа қызығушылығы жоғары екенін «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев те атап өтті. Ол бұл бағыттағы басты міндеттердің бірі — тиімді логистика екенін жасырмады:
«Біз сапалы қазақстандық астыққа деген сұраныстың жоғары екенін және Парсы шығанағы елдерінің жеткізу көздерін әртараптандыруға ұмтылысын көріп отырмыз. Экономикалық тұрғыдан тиімді жеткізілімді қамтамасыз ету үшін логистика мен экспорттық бағыттарды жан-жақты пысықтау қажет. Әлеуетті серіктестер тарапынан қызығушылық зор».
Жаңа кезеңнің бастауы
Gulfood 2026 көрмесі Қазақстан үшін жай ғана халықаралық іс-шара емес, агроэкспортты жаңа деңгейге шығарудың нақты алаңына айналды. Парсы шығанағы нарығына бет бұру, цифрлық платформаларды пайдалану және жасанды интеллект шешімдерін енгізу — қазақстандық астық саласының әлемдік азық-түлік тізбегіндегі орнын нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам.
Алдағы кезеңде бұл келіссөздер нақты экспорт көлемі мен ұзақмерзімді серіктестікке ұласуы әбден мүмкін.