Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испания Корольдігінің Әділет министрлігіне қарасты Саяси және конституциялық зерттеулер орталығының директоры Росарио Гарсиямен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Испания арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты. Әсіресе құқықтық саладағы ынтымақтастықты, сондай-ақ сараптамалық және аналитикалық құрылымдар деңгейіндегі байланыстарды нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.
Конституциялық реформалардың негізгі бағыттары
Елші Қазақстанның ауқымды саяси жаңғыру кезеңінен өтіп жатқанын атап өтіп, осы үдеріс аясында жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалардың мәні мен мазмұнына тоқталды. Сұхбат барысында жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаттары таныстырылды.
Ата заңның жаңартылған мәтіні:
- елдің мемлекеттілігін нығайтуға;
- билік институттарының тиімділігін арттыруға;
- ұзақ мерзімді институционалдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге
бағытталғаны айтылды.
Қоғамдық тұрақтылық пен тарихи сабақтастық
Кездесу кезінде тарихи сабақтастықты сақтау, ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етудегі рөліне ерекше назар аударылды. Бұл факторлардың саяси реформалармен өзара байланысы да жан-жақты талқыланды.
Испан тарапы ұсынылған тәсілдерге оң баға беріп, олардың құқықтық жүйені жетілдіру мен институционалдық негіздерді нығайтудағы маңызын атап өтті.
Диалог жалғасады
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен бастамаларды ілгерілету, сараптамалық алмасуларды жалғастыру және екі ел арасындағы кәсіби диалогты дамыту жөнінде уағдаласты.
Айта кетейік, Саяси және конституциялық зерттеулер орталығы Испанияның мемлекеттік ғылыми-зерттеу және сараптамалық мекемесі болып табылады. Орталық конституциялық құқық, саяси институттар және қоғамдық-саяси үдерістер саласында зерттеулер жүргізіп, еуропалық және ибероамерикалық кеңістікте академиялық және сараптамалық диалогты дамытуға үлес қосады.