UAE SWAT CHALLENGE–2026: Қазақстан «Кепілге алынғандарды босату» сайысында ең үздік уақыт көрсетті

1254
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Дубайда өтіп жатқан әлемдегі ең беделді тактикалық жарыстардың бірі — UAE SWAT CHALLENGE–2026 турнирінде Қазақстан құрамасы екінші күн қатарынан жоғары нәтижесімен көзге түсті, деп хабарлайды DKNews.kz.

48 елден келген арнайы мақсаттағы бөлімшелердің 109 командасы бақ сынап жатқан байрақты бәсекеде қазақстандықтар өз мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Екінші жарыс күні Tactical events кезеңімен есте қалды. Дәл осы сында «Kazakhstan C» командасы «Кепілге алынған адамды құтқару» тапсырмасын небәрі 00:50,9 секундта орындап, турнирдің жаңа рекордын тіркеді. Бұл — тек жоғары жылдамдық қана емес, мінсіз үйлесім мен кәсіби дайындықтың айқын көрінісі.

Осы нәтиженің арқасында «Kazakhstan C» командасы екі күн қатарынан жалпы есепте көш бастап, турнир кестесінің бірінші орнын нық ұстап тұр.

Қазақстандық командалардың нәтижесі

Қазақстан атынан қатысып жатқан өзге командалар да тұрақты әрі сенімді өнер көрсетті:

  • Kazakhstan A — 1 минут 02 секунд (екінші кезең қорытындысы бойынша 14-орын);
  • Kazakhstan B — 2 минут 20 секунд;
  • Kazakhstan D — 2 минут 06 секунд;
  • «Tomiris» әйелдер командасы — 1 минут 04 секунд.

«Tomiris»: тек әйелдер арасында емес, жалпы есепте де мықты

Ерекше атап өтуге тұрарлық команда — «Tomiris» әйелдер құрамасы. Олар жарыстың алғашқы күніндегідей, әйелдер командалары арасында көшбасшылықты сақтап қана қоймай, жалпы есепте де жоғары бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.

Екінші кезең қорытындысы бойынша «Tomiris» командасы 23-орынға табан тіреп, ерлерден құралған көптеген командаларды артта қалдырды. Бұл — қыздардың физикалық және тактикалық дайындығы әлемдік деңгейге сай екенін дәлелдейтін нақты көрсеткіш.

Алда — шешуші кезеңдер

UAE SWAT CHALLENGE–2026 турнирі 11 ақпанға дейін жалғасады. Жеңімпаздар бес кезеңнің жалпы қорытындысы бойынша анықталады. Сайыс барысында қатысушылардың төзімділігі, дәлдігі, командаішілік үйлесімі және экстремалды жағдайда жылдам шешім қабылдау қабілеті сыналады.

Қазіргі нәтиженің өзі-ақ қазақстандық арнайы бөлімшелердің халықаралық аренадағы беделін айқын көрсетіп отыр. Алда әлі бірнеше кезең бар, дегенмен Қазақстан құрамасы бұл жарыста басты фавориттердің бірі екенін дәлелдеп үлгерді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -