Электромобиль нарығы тағы да назардың ортасына шықты. Geely құрамына кіретін премиум Zeekr бренді Қытайда шамамен 38 мың электрокарды кері қайтарып жатқанын хабарлады. Себеп - аккумуляторлық ұяшықтардағы ақау. Дәл осы батарея мәселесі электромобиль иелері мен сатып алуды ойлап жүргендер арасында негізгі талқылау тақырыбына айналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Не болғанын және неге қазақстандық иелер үшін көліктің қай нарықтан әкелінгенін білу маңызды екенін бірге талдайық.
Zeekr қандай модельдерді кері қайтарады
Кері қайтару Zeekr 001 моделінің WE нұсқасына қатысты. Бұл көліктер 86 кВт-ч батареямен жабдықталған және 2021 жылдың шілдесінен 2024 жылдың наурызына дейін шығарылған. Аталған партиядағы электромобильдерде Sunwoda компаниясы жеткізген аккумуляторлық ұяшықтар қолданылған.
Өндірушінің мәліметінше, батарея ішінде өндірістік сәйкессіздіктер анықталған. Соның салдарынан уақыт өте келе ішкі кедергі өсіп, бұл аккумулятордың жұмысына тікелей әсер етеді.
Нәтижесі айқын - батареяның тез тозуы, тиімділіктің төмендеуі, нақты жүріс қорының азаюы және пайдалану кезіндегі ықтимал тәуекелдер.
«Кейбір батареяларда ішкі кедергінің аномалды өсуі және сыйымдылықтың төмендеуі байқалады», - деп мәлімдеді Zeekr.
Қарапайым тілмен айтқанда, батарея жоспарланған мерзімнен ертерек әлсіреп, электромобиль өзінің басты артықшылықтарының бірінен айырылады.
Қытайда көліктерге не істейді
Компания толыққанды кері қайтару науқанын бастады. Барлық автокөліктер тегін тексеріледі, оның ішінде бұлттық жүйелер арқылы қашықтан диагностика да қарастырылған.
Егер батарея бұрын ауыстырылмаған болса және ақаулы партияға кірсе, ол тегін жаңасына алмастырылады. Бұл иелер үшін аса маңызды, себебі тартқыш батарея - электромобильдегі ең қымбат торап.
China EV DataTracker деректеріне сәйкес, 2024 жылдың наурызына дейін 169,4 мың Zeekr 001 жеткізілген. Соның шамамен 22,5 пайызы осы кері қайтару науқанына ілігіп отыр. Масштабы өте үлкен.
Миллиардтаған өтемақы
Бұл оқиға жеткізушілер деңгейінде де жалғасын тапты. Бұған дейін Sunwoda компаниясы Geely құрылымына 2,3 миллиард юань көлемінде өтемақы төлеуге келіскені хабарланған. Бұл шамамен 163,5 миллиард теңге.
Өтемақы аккумулятор ұяшықтарындағы ақауларға байланысты төленді. Келісімге қол жеткізілгеннен кейін сотқа берілген талап-арыз кері қайтарылды, бұл мәселенің қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді.
Неге бұл Қазақстанды алаңдатады
Zeekr 001 электромобильдері Қазақстанға 2022 жылдан бастап жаппай әкеле бастады. Негізгі арна - «сұр» дилерлер болды. Ол кезеңде көліктің бағасы 40 миллион теңгеге дейін жеткен.
Қазіргі таңда Kolesa.kz сайтында 2021–2024 жылдар аралығындағы Zeekr 001 бойынша 94 хабарландыру бар. Олардың бір бөлігі Қытай нарығына арналған партиялардан болуы мүмкін.
Сондықтан мұндай көліктердің иелеріне батареяның мәртебесін, көліктің тарихын және мүмкін әрекеттерді нақтылау ұсынылады - сервис орталықтары немесе бренд өкілдері арқылы.
Қазақстандағы ресми позиция
Резонанс аясында Қазақстандағы ZEEKR брендіның ресми дистрибьюторы, Orbis Auto құрамына кіретін компания, ресми түсініктеме берді.
Компания Қытайдағы кері қайтару науқаны Қазақстанда ресми түрде сатылатын ZEEKR автокөліктеріне қатысы жоқ екенін атап өтті.
Ресми дистрибьютор арқылы ұсынылатын барлық ZEEKR автокөліктері өзге техникалық спецификацияларға ие, өңірдің пайдалану жағдайына бейімделген және CATL өндірісіндегі аккумулятор батареяларымен жабдықталған.
Бұл батареялар аталған жарияланымдарда көрсетілген тәуекелдерге кірмейді.
Сондай-ақ ресми жеткізілімдер Еуропалық сертификаттау талаптарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы техникалық регламенттеріне толық сәйкес жүзеге асырылатыны айтылды.
Осыған байланысты Қазақстанда ресми сатылатын ZEEKR автокөліктерін кері қайтарып алу үшін ешқандай негіз жоқ.
Ресми дистрибьютор өндірушімен тұрақты байланыста екенін және ресми арна арқылы сатылатын барлық ZEEKR көліктері қауіпсіздік пен сапа стандарттарына толық сәйкес келетінін растады. Мұндай көліктердің иелеріне алаңдауға себеп жоқ.
Қорытындысында, Қытайдағы Zeekr оқиғасы ресми жеткізілім мен параллель импорттың айырмашылығын айқын көрсетіп отыр. Қазақстанда ресми дистрибьютор арқылы сатып алынған автокөліктер үшін тәуекел жоқ.
Ал Zeekr-ді «сұр» арналар арқылы алғандарға мұқият болған жөн. Электромобиль әлемінде батарея тек жайлылықты емес, қауіпсіздікті де анықтайды, ал көліктің шығу тегі шешуші факторға айналып отыр.