Полковник Жанат Шалабеков – құқықтық тәртіп әскерінің қалыптасу кезеңдерінің тікелей куәгері. Тәуелсіздік жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін ол өз ғұмырын Отан алдындағы борышын өтеуге арнаған тәжірибелі жауынгер. Ұлттық ұлан қатарында жиырма алты жыл қызмет атқарып, ұстаздық жолдан әскери қызметке келген ардагер.
− Өзіңізді оқырманға таныстырып өтсеңіз. Қай жылы, қай өңірде дүниеге келдіңіз? Балалық шағыңыз қалай өтті? Отбасыңызда неше ағайындысыздар?
− Мен 1968 жылы 8 наурызда бұрынғы Талдықорған облысы, Гвардия ауданына қарасты Бостан ауылында дүниеге келгенмін. Ата-анам совхозда жұмысшы болған. Менің бір әпкем және екі інім бар. 1975 жылы қазіргі Кербұлақ ауданы, Сарыбұлақ ауылындағы он жылдық орта мектептің табалдырығын аттап, 1985 жылы мектепті бітірдім. Үлкен өмірге қадам басып, Қарағанды қаласындағы педагогикалық институтқа информатика пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түстім. Институтты аяқтаған соң, Талдықорған қаласындағы Индустриалды колледжде мамандығым бойынша сегіз жылдай қызмет атқардым. Балалық шағыма тоқталсам, мектепте оқып жүрген кезімізде ауылымызда арнайы спорттық мектеп ашылды. Сол мектепке баскетбол және волейбол үйірмелеріне жазылып, спортпен белсенді түрде айналыстым. Жарыстарға қатысып, жүлделі орындармен оралатынмын. Спорт менің өмірімнің ажырамас бір бөлігі болды.
− Жанат Асымұлы, сіз Ауған соғысының ардагері екенсіз. Осы жөнінде кеңірек айтып өтсеңіз. Әскер қатарына қашан шақырылдыңыз? Әскери қызметті таңдауыңызға не себеп болды?
− Мені 1986 жылы маусым айында әскер қатарына шақырды. Алғашында Жамбыл облысындағы Отар кентінде үш айлық курс оқыдық. Одан кейін Ташкент облысының Шыршық қаласында бір айлық курстан өтіп, қыркүйек айында Ауғанстан Демократиялық Республикасының астанасы Кабул қаласына ұшақпен түнделетіп әкелді. Екі сағаттан кейін бізді қайтадан ұшаққа отырғызып, Кандагар аймағына жеткізді. Осылайша, мен Отан алдындағы борышымды екі жыл өтедім. Әскерден кейін педагогикалық институтқа қайта оралдым. Ал әскери қызметке 2000 жылдардан бастап келдім. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында кадр бөлімінде қызмет атқардым. Бұл жерде мен әскерге қабылданып жатқан жастар туралы мәліметтерді басшылыққа ұсынып отырдым. Кейін жұмылдыру бөліміне ауысып, сол бөлімнің бастығы қызметін атқардым. Өз еркіммен Ұлттық ұланның 5570 әскери бөліміне ауысып, топ командирінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. 4-5 жылдай Арнайы Мақсаттағы «Бүркіт» құрамында қызмет атқардым. 2022 жылдан кейін Талдықорған қаласындағы Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінде жасақ командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Осы бөлімде қызмет етіп, 56 жасымда зейнетке шықтым.
– Әскердегі қызмет жолыңыз қалай өтті?
– Әскери қызметтегі алғашқы жылдарыма тез бейімделдім. Жаңа ортаға келген соң әріптестермен іскерлік әрі адамгершілік қарым-қатынас орнатудың маңызын түсіндім. Алға қойған міндеттерді сапалы орындай білсең, бұл өзіңе де, өзгеге де үлкен пайдасын тигізеді. Қызмет жолымда жақсы адамдармен таныстым. Олар бізге үлгі болып, бағыт-бағдар беруге тырысты. Біз де соларға қарап өзімізді жетілдіріп, тәжірибе жинақтадық. Жас офицер ретінде жауапкершілік жүгі де жоғары болды. Бір жағынан, информатика саласындағы білімім қызмет барысында көп көмегін тигізді. Себебі 1998–2000 жылдар аралығында есептеу техникасы сирек кездесетін. Ең бастысы — ұжым ішіндегі өзара сыйластық пен түсіністікті сақтау. Тәртіп пен ұйымшылдық әрдайым басты назарда болуы тиіс деп есептеймін. Біз осы ұстанымды берік ұстандық. Қызмет барысында полковник шеніне дейін түрлі күрделі міндеттерді атқардым. Әскери қызметшілерді келісімшарт негізінде қабылдау, сарбаздарды даярлау, оларды әскерге шақыру жұмыстарымен айналыстым. 2008–2009 жылдары Қазақстан Қарулы Күштері кәсіби армияға көшу кезеңін бастан өткерді. Сол уақытта штаттағы бос орындарды толықтырып, әскери қызметке жаңа кадрларды қабылдауға белсенді атсалыстық.
– Әскери қызмет үлкен жауапкершілік пен уақытты талап ететіні белгілі. Бұл салада қызмет ету тек әскери қызметшінің өзіне ғана емес, оның отбасылық өміріне де өз әсерін тигізеді. Осы тұрғыда әскери қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүру қиынға соққан жоқ па?
– Жұбайымды 1990 жылы Қарағанды қаласында оқып жүргенде жолықтырдым. Мен ол кезде педагогикалық институтта, ал әйелім медициналық институтта оқып жүрген. 1992 жылы шаңырақ көтердік. Екі қызым, бір ұлым бар. Қазіргі кезде кенже ұлым Нұрсұлтан Назарбаев атындағы зияткерлік мектептің 12-сыныбында оқиды. Қыздарым отбасы құрған. Бес жиен немерелерім бар. Әскери қызметке дейін әйелім дәрігер болып қызмет атқарды. Мен ұстаздық жолында қызмет еттім. Кейін жұбайым екеумізді әскери қызметке шақырды. Бірге осы әскери қызметке келдік. Әйелім Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімінде медицина бөлімінің бастығы болды. Қазір запастағы майор. Жұбайым екеуміз көбіне қызметте болатын едік. Соған қарамастан балалар бір-біріне қамқор болып өсті. Отбасындағы өзара түсіністік пен бірлік біз үшін әрдайым басты орында болды. Менен кейінгі екі інім де әскери қызмет жолын таңдады. Олар да өз қызметтерін абыроймен атқарып, 45 жасында зейнетке шықты.

– Зейнетке шыққаннан кейінгі өміріңіз қалай өзгерді? Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Биыл зейнетке шыққаныма екі жыл болады. Әскери қызмет ауыр болғандықтан, өзіме демалыс жарияладым. Қазіргі уақытта туып-өскен жерім – Талдықорған қаласындамын. Отбасым да, үй-жайым да осы жақта. Жиен немерелерім жиі келіп тұрады. Кейде солармен бірге уақыт өткіземін. Арасында үй шаруаларымен айналысамын. Қосымша жұмыс та қарастырып жүрмін. Қазіргі кезде құжаттарымды тапсырып қойдым. Жоғарыда айтып өткендей, бала кезімнен спортпен айналыстым. Сол кездегі хоббиім әлі күнге дейін жалғасын табуда. Бос уақытымда волейбол ойнаймын. Астана қаласында Ауған соғысына қатысқан ардагерлерден құралған волейбол командасы бар. Осы команда құрамында он жеті жылдан бері ойнап келемін. Команда болып республикалық деңгейдегі түрлі турнирлер мен жарыстарға қатысамыз.
– Бүгінгі жас әскери қызметшілерге ардагер ретінде қандай кеңестер айтасыз?
– Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне айтарым — ер азамат, ең алдымен, өзіне сенімді болуы қажет. Алдыңа мақсат қойсаң, соған жетудің жолын іздеп, бастаған істі соңына дейін жеткізе білу керек. Мен адалдықты басты қағида ретінде ұстанамын. Бұл қасиетті де әрдайым ескеру қажет. Осы орайда Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған – құл болмайды, тәртіпсіз – ел болмайды» деген сөзі әрбір әскери адам үшін өмірлік ұстаным болуы тиіс. Отанға жиырма алты жыл қызмет еткен ардагер ретінде жастармен жұмыс істеу қазіргі кезде аса маңызды деп санаймын. Әскери қызметшілер мектептерде, колледждер мен университеттерде патриоттық сезімді оятуға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырса деймін.
Жастарға айтарым — білімді, салмақты болыңыздар. Елдің тірегі, Қазақстанның болашағы — осы жастардың қолында. «Отан үшін отқа түс — күймейсің» деген Бауыржан Момышұлының өсиеті жас ұрпақтың санасында берік орнығуы қажет. Сол себепті мен жастарға әрдайым үлкен үмітпен қараймын.
– Өнегелі өмір жолыңызбен бөліскеніңізге рахмет!
Ұлдана НУРАДИН