Қазақстанның етті мал шаруашылығы тарихи бұрылыс нүктесіне келді. Ұзақ жылдар бойы негізінен ішкі нарыққа жұмыс істеп келген сала енді жаһандық бәсекенің алдында тұр. Әлемде етке сұраныс өсіп жатыр, экспорттық стандарттар қатаңдауда, ал ел ішінде басқарылатын, тиімді модельге көшу қажеттілігі айқын сезілуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгін қабылданатын шешімдер ертең Қазақстанның жаһандық жеткізу тізбегіне кіріге алатын, экспортқа бағытталған индустрия құра ма, әлде сала бөлшектенген күйінде қала ма – соны анықтайды.

Әлемдік нарық өсіп жатыр
ФАО мен USDA деректеріне сәйкес, әлемдегі ірі қара мал саны 0,9–1,1 млрд бас аралығында. 2022–2024 жылдары сиыр еті өндірісі жылына 58–61 млн тонна көлемінде. Нарықты АҚШ, Бразилия және Үндістан секілді ірі ойыншылар қалыптастырып отыр.
Етке деген жаһандық сұраныс тұрақты өсуде. Бұған халық санының артуы, дамушы елдердегі табыстың өсуі және Азия мен Африкадағы тамақтану мәдениетінің өзгеруі әсер етуде.
Алайда Қазақстан бұл нарықта әзірге жүйелі экспорттаушылар қатарында емес. Елдің жаһандық жеткізілімдердегі үлесі мардымсыз.
Поголовье бар, бірақ экспорт жоқ
Turan қауымдастығының мәліметінше, Қазақстан 8,6 млн бас ірі қарамен әлемде 39-орында тұр. Бұл – маңызды құрылымдық артықшылық.
Оған қоса географиялық орналасу да тиімді: негізгі нарықтарға 2–10 күн ішінде жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл Қазақстанды алыс экспорттаушыларға қарағанда бәсекеге қабілетті етеді.
Бірақ ресурс экспортқа айналып отырған жоқ. Ел ішінде парадокс қалыптасқан: бір жағынан сиыр еті тапшылығы байқалса, екінші жағынан ет өңдеу кәсіпорындары толық жүктелмеген. Бұл «ферма – қайта өңдеу – нарық» тізбегіндегі жүйелік үйлесімсіздікті көрсетеді.
Негізгі кедергі – құрылым
Сарапшылардың пікірінше, басты мәселе сұраныста емес, саланың ішкі ұйымдасуында. Мал басының едәуір бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған. Олар экспорттық тізбекке толық кірікпеген, стандарттау деңгейі төмен, қаржыландыру мен басқару құралдарына қолжетімділігі шектеулі.
Тұрақты оффтейк-келісімшарттардың болмауы баға құбылмалылығын күшейтіп, фермерлердің инвестициялық ынтасын әлсіретеді. Инвестициялар бар, бірақ олар жүйесіз. Өндірістік көрсеткіштер экономикалық тиімділікке әрдайым айнала бермейді.
Dala.Camp Forum 2026 – саланың жол картасы
Осы мәселелер 2026 жылғы 14–15 ақпанда Rixos Burabay-да өтетін Dala.Camp Forum алаңында талқыланбақ. Форум «Қазақстанның ет индустриясындағы ірі қара: болашақтың жол картасы» тақырыбымен өтеді.
Шараға Қазақстан мен Орталық Азия елдері, АҚШ, Бразилия, Нидерланд, Франция, БАӘ және Түркиядан 150-ге жуық делегат қатысады. Күтіліп отырған қонақтардың қатарында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бар.
Бағдарлама «Стратегиядан практикаға» қағидаты бойынша құрылған. Бірінші күні Қазақстанның жаһандық нарықтағы орны, экспорт әлеуеті, ветеринариялық стандарттар, инвестициялар және қосылған құн тізбегі талқыланады.
Екінші күні ферманың қаржылық моделі, тиімділік басқару, цифрландыру, жасанды интеллект қолдану, басқару құзыреттері секілді практикалық тақырыптарға назар аударылады.
Форумда премиум сегментке шығу мүмкіндіктері, оффтейк-келісімшарттарға қолжетімділік және салалық жобалардың питчинг-сессиясы қарастырылған.
Қазақстандық Turan мал өсірушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Жәнібек Кенжебаев бұл кезеңнің маңызын атап өтті:
«Қазақстанның етті мал шаруашылығы өзгерістер кезеңінде тұр. Сала экономика мен экспорттың тұрақты драйвері бола ала ма, әлде бөлшектелген және осал болып қала ма, мұның бәрі қазір қабылданып жатқан шешімдерге байланысты. Бұл тұрғыда Dala.Camp форумы – нарықтың архитектурасы мен оны дамытудың практикалық тетіктері қалыптасатын салалық жұмыстың бір бөлігі».

Шешуші сәт
Қазақстанда мал бар, жер бар, логистика бар. Бірақ экспорттық индустрия құру үшін жүйелік үйлесім, стандарт, басқару және ұзақ мерзімді келісімдер қажет.
Алдағы жылдарда қабылданатын стратегиялық шешімдер елдің ет индустриясын аймақтық деңгейден жаһандық ойыншыға айналдыра ала ма – басты сұрақ осы.