Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Лондонға сапары аясында Ұлыбританияның бизнес-қоғамдастығымен дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға британ тарапынан Бизнес және сауда жөніндегі министрінің міндетін атқарушы Крис Брайант, Британ-қазақ қоғамдастығының төрағасы Руперт Гудман, сондай-ақ ірі компаниялар мен университеттердің өкілдері қатысты.

Инвестициялық әріптестікті кеңейту мәселесі талқыланды
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын қарастырды.
Маңызды минералдар мен сирек жер металдары саласындағы жобаларға ерекше назар аударылды.
«Қазақстан инвесторларды қорғауды одан әрі нығайтып, нысаналы салықтық жеңілдіктер мен преференциялар ұсынуды жалғастыруда. Біз инвестициялардың ұзақ мерзімді қайтарымын қамтамасыз етуге берік бейілдіміз», — деді Ермек Көшербаев.
Қазақстанның экономикалық көрсеткіштері таныстырылды
Министр соңғы 25 жылдағы елдің экономикалық жетістіктеріне тоқталды.
«Қазақстан айтарлықтай экономикалық өсімге қол жеткізді, оның орташа нақты жылдық көрсеткіші 5,7%-ды құрайды. Номиналды ЖІӨ 300 млрд АҚШ долларынан асады», — деді ол.
Оның айтуынша, Орталық Азияға тартылатын тікелей шетелдік инвестициялардың 60%-дан астамы Қазақстанға тиесілі.

Жасыл экономика мен ЖИ саласына қызығушылық бар
Крис Брайант екіжақты ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Ол жасыл экономика, сирек жер металдары, көлік және транзит, білім беру және жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды қолдауға дайын екенін білдірді.
Нақты құжаттарға қол қойылды
Форум қорытындысында бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Олардың ішінде:
- 2027 жылға дейінгі маңызды минералдар саласындағы стратегиялық серіктестіктің жол картасы
- «Coventry University» мен «Coventry University Kazakhstan» арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандум
Сонымен қатар:
- Алматыда «Charterhouse School» ашу
- «Cardiff University» жанынан жасанды интеллект орталығын іске қосу
- Ақтөбеде «Heriot-Watt University» кампусын ашу
жөнінде жарияланды.
Ұлыбритания – ірі инвесторлардың бірі
Ұлыбритания Қазақстан экономикасындағы он ірі инвестордың қатарына кіреді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша британ инвестициялары 723,7 млн АҚШ долларын құрады. Ал 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш 471,5 млн АҚШ долларына жетті.