Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімен бірге Ұлыбритания Парламентінің Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Бүкілпартиялық парламенттік тобының депутаттарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу барысында өңірлік ынтымақтастық, парламентаралық диалог және халықаралық өзекті мәселелер талқыланды.
Қазақстан – Ұлыбритания үшін маңызды серіктес
Қазақстан СІМ басшысы екі ел арасындағы байланыстардың стратегиялық маңызын атап өтті.

«Қазақстан Біріккен Корольдікпен қарым-қатынастарда оған Еуропадағы негізгі серіктестеріміздің бірі ретінде айрықша мән береді. Біз ашық саяси диалогты, сауда және инвестициялық байланыстардың өсуін, сондай-ақ білім беру, инновациялар және орнықты даму салаларындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Бұл серіктестікте парламентаралық диалог ерекше орын алады», – деді Ермек Көшербаев.
Министрдің айтуынша, парламентаралық байланыстар өзара түсіністікті нығайтып, заң шығару тәжірибесімен алмасуға мүмкіндік береді.
Орталық Азия – мүмкіндіктер өңірі
Кездесу барысында өңірлік ынтымақтастықтың маңызына ерекше назар аударылды.
«Бүгінгі таңда Орталық Азия – мүмкіндіктері артып, жауапкершілігі күшейген өңір. Парламенттердің неғұрлым белсенді қатысуы өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету, орнықты даму, климаттың өзгеруі және елдеріміз арасындағы байланыстарды нығайту сияқты ортақ міндеттерді шешуге елеулі үлес қоса алады деп санаймыз», – деді Е.Көшербаев.
Ол сондай-ақ партияаралық парламенттік топтың қызметі ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін айтты.
Британ депутаттары ынтымақтастықты қолдайды
Ұлыбритания депутаттары Орталық Азияның геосаяси және экономикалық маңызын атап өтті.
Олардың пікірінше, парламентаралық диалогты күшейту:
- өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге
- орнықты даму бастамаларын ілгерілетуге
- климат өзгерісіне қарсы күреске
- елдер арасындағы байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді
Депутаттар заң шығару тәжірибесімен бөлісуге және ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін білдірді.

Қауымдар палатасының Спикерімен кездесу өтті
Сапар аясында Ермек Көшербаев Ұлыбритания Қауымдар палатасының Спикері Линдси Хойлмен де кездесті.
Министр Ұлыбритания Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
«Жаңа топ Ұлыбритания мен Қазақстан, сондай-ақ өңіріміздің басқа мемлекеттері арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға лайықты үлес қосады және британдық парламентарийлердің қызығушылығы мен белсенділігін арттыруға ықпал етеді деп сенемін», – деді ол.
Өз кезегінде Линдси Хойл парламентаралық байланыстарды дамытуға қолдау білдіріп, Қазақстанды өңірдегі сенімді серіктес ретінде жоғары бағалады.