Қазақстан мен Кения жаңа экономикалық көпір құруға ниетті

726
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Akorda

Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кения Президенті Уильям Рутоның қатысуымен «Қазақстан – Кения» бизнес форумы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Форум барысында мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Тоқаев: Экономикалық байланыстар нақты іске ұласады

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Кения арасындағы қарым-қатынас жаңа кезеңге өтіп жатқанын айтты.

«Президент Уильям Рутомен жүргізген нәтижелі әрі мазмұнды келіссөз барысында көптеген бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенімізді растадық. Сондай-ақ серіктестіктің жаңа бағыттарын айқындадық. Экономикалық байланыстарымыз таяу арада нақты іске ұласады деп ойлаймын», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық серіктестікті дамыту үшін бірнеше бастама ұсынды.

«Сауда мен инвестиция саласындағы диалогтың арнаулы платформасына айналатын «Қазақстан – Кения» іскерлік кеңесін бекіту қажет. Бизнес-миссиялардың барыс-келісін тұрақты түрде ұйымдастыру компаниялардың өркендеуіне ықпал етеді. Қазақстанның Кениядағы бизнес мәселелерін үйлестіру бойынша Құрметті консулын тағайындау елдеріміздің кәсіпкерлері арасындағы байланысты арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар көлік-логистика инфрақұрылымын жақсарту перспективасы мен тың мүмкіндіктерді пайдалану жөніндегі сарапшылар тобын құру ұсынылады. Осы шараларды іске асыру министрлер деңгейіндегі Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссияны тездетіп құруға берік негіз болады деп сенемін. Сондай-ақ бизнес тәжірибелерін зерделеу үшін Кенияға іскерлік орта өкілдерінен құралған топ жіберуге уағдаластық», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан инвесторларға қандай мүмкіндік ұсынып отыр?

Президент Қазақстан экономикасының өсімі 6,5 пайызға жеткенін атап өтті.

«Шағын және орта бизнес – экономикамыздың 40 пайызына жуығын құрайды. Ел жетістіктерінің мәні осында. Мемлекеттегі тұрақты саяси ахуал экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция инвесторлар құқығын қорғаудың кепіліне айналды. Қазақстан инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын тартымды институционалдық база қалыптастырды. Институционалдық қауіпсіздік арқылы ұзақмерзімді ынталандыру шараларын ұсынамыз. Енді шетелдік кәсіпкерлер инвесторларға салықтық және миграциялық жеңілдіктер беретін «Altyn Visa» бірегей бағдарламасын толық пайдалана алады. Осы орайда кениялық бизнестің көшбасшыларын аталған мүмкіндіктерді қолданып, Қазақстанды инвестиция, өсім және ұзақмерзімді серіктестік үшін стратегиялық бағыт ретінде қарастыруға шақырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Орта дәліз және Африка нарығы

Президент Қазақстанның Еуразиядағы негізгі көлік хабтарының біріне айналғанын айтты.

«Қазақстан Еуразияның негізгі көлік хабы ретінде қалыптасты. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы еліміздің аумағынан өтеді. Орта дәліз атауымен белгілі Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде ілгерілетіп келеміз. Ал Кения – 300 миллион халқы бар Шығыс Африка нарығына кедергісіз кіруге мүмкіндік беретін басты логистикалық қақпа. Орта дәлізді Африканың маңызды теңіз жолдарымен жалғау қажет. Осы мақсатта «Бір белдеу, бір жол» бастамасының әлеуетін толық пайдаланған жөн. Қазақстан Шығыс Африканың ірі көлік-логистика желісі саналатын Кениядағы Момбаса және Ламу порттарымен байланыс орнатуға әзір. Бұл айлақтар қазақстандық металл өнімдері, құрылыс материалдары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен тағам өнімдерінің экспортын айтарлықтай арттыруға жол ашады. Теңіз жолына қоса әуе қатынасын дамыту жүк жеткізуді барынша жеделдетеді. Қазақстандағы «ашық аспан» режимі әлемдік авиатасымалдаушылар үшін жақсы ынталандыру болмақ. Ең әуелі, екі ел арасында әуе жүк тасымалын іске қосу мүмкіндіктерін зерделеуді ұсынамын. Әрине, біздің ұзақмерзімді міндеттеріміздің бірі – Астана мен Найроби арасында тікелей әуе рейстерін ұйымдастыру», – деді Президент.

Ауыл шаруашылығы мен сирек металдар

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласын ынтымақтастықтың басым бағыты ретінде атады.

«Қазақстан негізгі азық-түлік дақылдарын өндіретін әлемдегі көшбасшы елдердің бірі саналады. Африкадағы жоғары сұранысты ескере отырып, Сіздің еліңізге бидай экспорттауға мүдделіміз. Ал Кенияның шәйі, кофесі мен гүлі әлемге әйгілі. Сондықтан біз Қазақстанда Кения сауда хабын ашуға ниеттіміз. Сол арқылы Сіздің елдің бизнесі Еуразия нарығына дендеп ене алады. Сонымен қатар аграрлық саладағы бірлескен білім беру бастамасын құптаймыз. Кениялық студенттер мен мамандарды оқу орындарымызда қуана қарсы аламыз», – деді Мемлекет басшысы.

Президент тау-кен өнеркәсібі мен геологиялық барлау салаларына да тоқталды.

«Қазақстан мен Кенияда сирек кездесетін элементтердің және аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Таза энергияға көшу, цифрлық технология және озық өндіріс салаларында жаһандық сұраныстың ұлғаюына байланысты аталған қазба байлықтардың маңызы арта түсті. Осы орайда геология, барлау, өндіру және өңдеу бағытында өзара тиімді ынтымақтастық құруға айтарлықтай мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Қазақстан осы саладағы білімі мен тәжірибесін бөлісуге дайын. «Самұрық-Қазына» мен NAMICO компаниясы арасында жасалған Кениядағы инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісімді құптаймыз. Оның аясында тараптар жер қойнауын пайдалану, геологиялық барлау, бағалау және ілгерілету жұмыстарымен айналысады. Бұл құжат тау-кен өндірісі секторындағы бірлескен жобаларды іске қосуға берік негіз қалайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жасанды интеллект пен цифрландыру

Президент Кенияны Африканың «Кремний саваннасы» деп атады.

«Қазақстан GovTech және FinTech салаларында мол тәжірибе жинады. Бұл ретте электрондық үкіметке және заманауи банк инфрақұрылымына қатысты үздік шешімдерімен бөлісуге дайын. Сонымен қатар жасанды интеллект және ғарышты игеру саласында ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Бүгін қол қойылған IT, ғарыш технологиясы салаларындағы бірқатар меморандум елдеріміздің нәтижелі әрі ұзақмерзімді серіктестігіне жол ашатыны анық», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев кениялық компанияларды АХҚО мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырды.

Уильям Руто: Африка мен Орталық Азия арасында жаңа көпір құрылады

Кения Президенті екі елдің серіктестігі жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашатынын айтты.

«Осында жиналған бизнес көшбасшыларын диалогтан – келісімге, байланыс орнатудан инвестицияға көшуге, қос халықтың игілігі үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп орындарын дамытуға шақырамын. Іскерлік ықпалдастықты ілгерілету үшін Астана мен Найроби арасында тікелей әуе қатынасын ашудың перспективасы мол. Шығыс Африка нарығына қызығушылық танытқан қазақстандық компанияларға Момбаса мен Ламу порттары қызмет етуге әрдайым әзір. Бүгін біздің елімізден келетін тауарларға арналған Астанада логистикалық хаб салу жөнінде уағдаластық. Мен бұған қуаныштымын», – деді Уильям Руто.

Бұл неге маңызды?

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастық:

  • Орталық Азия мен Африка арасындағы жаңа экономикалық бағыттарды дамытуға
  • логистикалық байланыстарды кеңейтуге
  • экспорттық мүмкіндіктерді арттыруға
  • инвестициялық жобаларды іске қосуға мүмкіндік береді

Форум екі елдің экономикалық серіктестікті ұзақмерзімді деңгейде дамытуға дайын екенін көрсетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -