Құрбан айт мерекесі Қазақстан үшін биыл да тек діни мейрам ғана емес, халықаралық деңгейдегі дипломатиялық ықыластың көрінісіне айналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілерінен ондаған құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сарапшылар мұны Қазақстанның аймақтағы беделі мен түркі-мұсылман әлеміндегі рөлінің күшейгенінің белгісі деп бағалап отыр.
Ең қызығы – құттықтаулардың басым бөлігі тек ресми хат формасымен шектелмей, елдер арасындағы бауырластық, рухани байланыс және одақтастық туралы жылы сөздерге толы болды.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Құрбан айттың тарихы, тілі, діні мен дәстүрі ортақ халықтарды бұрынғыдан да жақындастыратынын атап өтті.
– Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы беки түсетініне сенімдімін.
Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров мерекені рухани тазару мен қайырымдылықтың символы ретінде сипаттады.
– Бұл қастерлі мейрам тарихтан тамыр тартатын достығымызды, бауырластығымызды, халықтарымыз арасындағы өзара құрметті арттыра беретініне сенімім мол.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Құрбан айттың елдер арасындағы түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтатын ерекше мереке екенін айтты.
– Қастерлі мейрам ғасырлар бойы халықтарымызды ізгілікке, жомарттыққа, әділдікке, өзгеге көмек қолын созуға үндеп келеді.
Ал Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов бұл мерекенің күллі мұсылман үмбетін біріктіретін рухани күшке ие екенін жеткізді.
– Ортақ рухани құндылықтарға деген ұмтылыс халықтарымыз арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ете беретініне күмәнім жоқ.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы жоғары деңгейдегі одақтастық қатынастарға арнайы тоқталды.
– Ортақ ұлттық мәдени-рухани құндылықтар біріктіретін Әзербайжан және Қазақстан арасындағы қазіргі жоғары деңгейдегі одақтастық қатынастар – саяси ерік-жігеріміз бен бірлескен іс-әрекеттеріміздің нақты нәтижесі.
Сонымен қатар ізгі тілектерін Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Хамад бен Иса Әл Халифа, Әбделмәжид Теббун және бірқатар халықаралық ұйым жетекшілері жолдады.
Саясаттанушылардың пікірінше, мұндай жеделхаттар – жай ғана дипломатиялық этикет емес. Бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы ықпалы мен түркі әлеміндегі стратегиялық салмағын көрсететін маңызды сигнал. Әсіресе соңғы жылдары Астана аймақтағы интеграция, сауда және қауіпсіздік мәселелерінде белсенді рөл атқарып келеді.
Қазірдің өзінде Ақордаға құттықтау хаттары келуін жалғастырып жатыр. Бұл Құрбан айттың биыл халықаралық деңгейде Қазақстан үшін ерекше саяси әрі рухани мәнге ие болғанын аңғартады.
«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.