Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға ресми сапармен келген Грузияның Премьер-министрі Ираклий Кобахидзені салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт бергеннен кейін Қазақстан мен Грузияның мемлекеттік әнұрандары орындалды.
Одан кейін Мемлекет басшысы мен Грузия Үкіметінің басшысы шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Тоқаев: Грузия – Қазақстанның стратегиялық серіктесі
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Кобахидзенің ресми сапары қазақ-грузин қатынастары үшін маңызды екенін атап өтті.
«Бұл сапар табысты болатынына сенімдімін. Қазақстан Грузияны стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі дәстүрлі серіктесі ретінде қарастыратынын атап өткім келеді. Біз көптеген бағытта, соның ішінде экономикалық немесе гуманитарлық салаларда тығыз байланыс орнаттық. Мұндай ықпалдастық алдағы уақытта да жалғасуға тиіс деп ойлаймын. Мемлекет басшысы ретінде ынтымақтастығымыздың қарқынды дамып, нәтижелі болуына барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Сіздер Қазақстанның стратегиялық серіктесі саналасыздар. Еліңізбен достықты және ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Қазақстандықтар Сіздің еліңіз бен халқыңызды шын мәнінде құрметтейді. Бүгінде көптеген туристеріміз Грузияға барып, жақсы көңіл-күймен оралып жүр. Әрине, әлі де іске асырылмаған мүмкіндіктеріміз мол. Сондықтан екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беру үшін қолда бар әлеуетімізді тиімді пайдалануға бар күшімізді жұмылдыруымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Грузия Премьер-министрі ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін айтты
Ираклий Кобахидзе Қазақстанға жасаған ресми сапарының маңызына тоқталып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің нығайып келе жатқанын атап өтті.
«Біз Грузия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән береміз. Серіктестігіміздің стратегиялық сипат алғаны қуантады. Ынтымақтастығымыздың негізгі мәні де осында. Алайда, Өзіңіз атап өткендей, жүзеге аспаған әлеуетіміз жетерлік. Сондықтан оны толық іске асыруға күш салуымыз керек. Елдеріміз арасындағы берік саяси және экономикалық, сондай-ақ білім беру, мәдениет және басқа да көптеген салалардағы ықпалдастықты қолдаймыз. Барлық бағыттағы байланыстарды арттыруға айрықша ниеттіміз. Бұл сапардың маңызы ерекше. Өйткені біз Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз. Аталған құжаттың екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін. Серіктестігіміз ортақ құндылықтарға негізделген, сондықтан қарым-қатынасымыздың әлеуеті зор. Елдеріміз арасындағы достық пен өзара ықпалдастыққа қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын», – деді Грузия Премьер-министрі.
Келіссөздердің басты бағыты
Кездесу барысында тараптар екіжақты серіктестікті одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда:
- сауда-экономикалық байланыстар;
- инвестициялық ынтымақтастық;
- білім беру;
- мәдени-гуманитарлық байланыстар;
- туризм саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоюдың маңызы атап өтілді.

Бұл кездесудің маңызы қандай?
Қазақстан мен Грузия арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығаюы екі елдің саяси диалогын кеңейтіп, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа келісімдер сауда, инвестиция және өңірлік ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға ықпал етуі мүмкін.

