Қазақстан мен Ислам даму банкі 2032 жылға дейінгі ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асырмақ

858
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: UKIMET

Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы әріптестік соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған қарқынға ие болды.

Миллиардтаған долларлық инвестициялар, су инфрақұрылымы, индустриялық аймақтар, жаңа жолдар және исламдық қаржыландыруды дамыту – мұның бәрі екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің басталғанын көрсетеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ислам даму банкінің президенті доктор Мұхаммед әл-Джассердің Астанада өткен кездесуінде мәлім болды.

Соңғы үш жыл ішінде Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы қаржылық ынтымақтастық айтарлықтай күшейді. Тек 2024 жылдың өзінде су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту мен жаңа нысандар салуға бағытталған ауқымды бағдарламаға 1,1 миллиард доллар бөлінді.

Ал биыл ақпан айынан бастап тағы бір ірі бастама жүзеге аса бастады. Ол – арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға арналған 1,3 миллиард долларлық негіздемелік келісім.

Сонымен қатар тараптар «Қызылорда – Сексеуіл» теміржолы мен Қызылорда қаласының айналма жолын қаржыландыру мәселесін де пысықтап жатыр.

«Соңғы үш жылда біздің қаржылық өзара іс-қимылымыз сапалы жаңа деңгейге көтерілді. 2024 жылы инвестиция көлемі $1,1 млрд су шаруашылығы инфрақұрылымы объектілерін салу мен жөндеудің ауқымды бағдарламасын іске асыру басталды. Биылғы ақпаннан бастап біз арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға $1,3 млрд тарту туралы Негіздемелік келісімді іске асыруға кірістік. Сонымен қатар "Қызылорда – Сексеуіл" және "Қызылорда қаласының айналма жолы" көлік жобаларын қаржыландыру мәселесі пысықталуда», – деді Серік Жұманғарин.

Қазақстан мен ИДБ жаңа стратегия әзірлеп жатыр

Қазір Қазақстан мен Ислам даму банкі 2027–2032 жылдарға арналған жаңа әріптестік стратегиясын дайындауда. Құжат алдағы жылдары қай бағыттарға басымдық берілетінін айқындайды.

ИДБ президенті Мұхаммед әл-Джассердің айтуынша, бүгінгі жобалар екіжақты ынтымақтастықтың барлық мүмкіндігін толық қамтып отырған жоқ.

«Біздің мамандар арасындағы бірлескен жұмыс жылдарында жобалар портфелін кеңейтуге мүмкіндік беретін тиімді өзара іс-қимыл құрылды. Ислам Даму Банкі қатысушы елдердің алдында тұрған көптеген мәселе бойынша шешім іздеуде айтарлықтай икемді. Бұл ретте біз жобаларды дайындау және іске асыру үшін мемлекеттердің ішкі жүйелерін пайдалана отырып, ұлттық мүмкіндіктерді дамытуға ерекше назар аударамыз. Егер ел жобаларды негізінен өз күштерімен жүзеге асыра алса, бұл оның институттарының жетілгендігін және орнықты дамуын көрсетеді. Қазақстанмен бірге біз одан да көп нәрсе жасай алатынымызға сенімдімін», – деді ол.

Ислам даму банкі тек несие беруші емес

Кездесу барысында доктор әл-Джассер Ислам даму банкінің қызметі тек қаржыландырумен шектелмейтінін айтты.

Оның сөзінше, банк «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін интеграцияланған құрылым ретінде ұзақ мерзімді жобалық қаржыландыруды, сақтандыруды және сауданы қаржыландыру құралдарын бір жүйеге біріктіреді. Бұл ірі инфрақұрылымдық жобаларды кешенді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Астанада ИДБ кеңсесі ашылуы мүмкін

Кездесуде тағы бір маңызды ұсыныс айтылды. Серік Жұманғарин Ислам даму банкінің Астанада қосымша кеңсесін ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Қазір банктің Алматыдағы өңірлік хабы Шығыс Еуропа, ТМД, Моңғолия және Қытай елдеріндегі қызметін үйлестіріп келеді. Алайда Қазақстандағы жобалардың көлемі ұлғайған сайын орталық мемлекеттік органдармен тікелей әрі жедел жұмыс істеудің маңызы артып отыр.

Вице-премьердің пікірінше, бұл исламдық қаржыландыру тетіктерін дамытуға да тың серпін береді.

«Ислам Даму Банкінің бай сараптамасы бізге инфрақұрылымды дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, су және басқа да табиғи ресурстарды тиімді басқаруға, сондай-ақ заманауи және "жасыл технологияларды" енгізуге арналған жобаларды одан әрі бірлесіп іске асыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Серік Жұманғарин.

Ынтымақтастықтың жаңа белесі

Кездесу соңында тараптар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға арналған форвардтық лизинг туралы келісімнің қол қойылған даналарымен алмасты.

Қазақстан Ислам даму банкіне 1995 жылдан бері мүше. Алматыдағы өңірлік кеңсе 1997 жылдан бері жұмыс істейді және банктің кең ауқымды өңірлік қызметін үйлестіреді.

Осы уақыт аралығында Қазақстандағы жобалар мен техникалық көмекке бағытталған қаржыландыру көлемі 4,2 миллиард доллардан асты. Қазір су шаруашылығы, көлік және индустриялық сектордағы бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Жаңа стратегия қабылданған жағдайда, Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы әріптестік алдағы жылдары инфрақұрылымнан бастап «жасыл» технологияларға дейінгі жаңа бағыттарды қамтып, бұрынғыдан да ауқымды деңгейге шығуы мүмкін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -