Хангыль: мәдениеттерді тоғыстырған өнер

814
Айгүл Бейсенова Журналист

Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде заманауи корей каллиграфиясына арналған «Хангыль: Ұлы Жібек жолында гүлдеген гүлдер» атты K-Calligraphy көрмесі ашылды. Экспозиция келушілерді хангыльмен бірегей корей жазу жүйесі ретінде ғана емес, Кореяның тарихын, мәдениеті мен дәстүрін бейнелейтін өнер түрі ретінде де таныстырады.

Көрмені Корея Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы ұйымдастырды. Экспозицияның ашылуында сөз сөйлеген Бас консул Ха Тэ Ук алғашқы «Корея – Орталық Азия» саммиті Корея мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашатынын атап өтті.

Оның айтуынша, ұсынылған жоба қарапайым өнер көрмесінің аясынан әлдеқайда кең. Ол Корея мен Орталық Азияны байланыстыратын маңызды рухани арналардың біріне айналған корей әліпбиі – хангыльдің мәніне жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тарихи отанынан жырақта жүріп, тілі мен мәдениетін сақтап қалған корё-сарамның тағдырын еске салады. Бас консул көрме гуманитарлық ынтымақтастықтың одан әрі дамуына, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністіктің нығаюына ықпал етіп, Корея мен аймақ елдері арасындағы мәдени көпір қызметін атқаратынына сенім білдірді.

Экспозиция бірнеше айтулы оқиғаға арналған. 2026 жылы корей жазуының негізін қалаған тарихи құжат – «Хунминчонымның» жарияланғанына 580 жыл, ал Хангыль күнінің бекітілгеніне 100 жыл толады. Осыған байланысты 2026 жыл Кореяда ұлттық жазуды сақтау және кеңінен насихаттау жылы ретінде өтуде.

Ұйымдастырушылар мәдени диалог тақырыбына ерекше назар аударған. Көрменің «Хангыль: Ұлы Жібек жолында гүлдеген гүлдер» деген атауы алғашқы «Корея – Орталық Азия» саммитінің «Адамдар мен сенім арқылы байланыс» ұранымен үндеседі. Авторлар өнер туындылары арқылы халықтар арасындағы сан ғасырлық байланыстар, корё-сарам тарихы және бүгінгі мәдениеттің біріктіруші рөлі туралы баяндайды.

Ашылу салтанатының ең жарқын сәттерінің бірі Корея каллиграфия және дизайн қауымдастығының төрағасы Ли Сан Хённың каллиграфиялық перформансы болды. Ол заманауи корей каллиграфиясы – K-Calligraphy бағытының негізін қалаушылардың бірі саналады. Көрермендердің көз алдында қарапайым болып көрінетін әріптер көркем композицияларға айналып, қылқаламның әрбір қозғалысы ерекше философиялық мағынаға ие болды.

Мерекелік көңіл күйді Қазақстандағы корё-сарамның жетекші шығармашылық ұжымы – Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театрының барабаншылар ансамблі толықтыра түсті. Ресми рәсімнен кейін қонақтар дәстүрлі корей асханасынан дәм татып, каллиграфия бойынша шеберлік сабағына қатысты. Олар хангыльдің алғашқы таңбаларын өз қолдарымен жазып көрді.

Көрменің жеке бөлімі Орталық Азиядағы корей диаспорасының тарихына арналған. Мұнда 1937 жылы жер аударылған корейлердің ұрпақтары арасында корей тілі мен мәдениетін сақтап келе жатқан басты рухани ордалардың бірі – «Корё Ильбо» газетіне арналған туындылар ұсынылған.

Белгілі каллиграф Кан Бён Иннің «Тамырыңызға жақын болыңыз» атты жұмысы ерекше қызығушылық тудырады. Шығарма «Корё Ильбо» газетінің 100 жылдығына арнап сыйға тартылған. Ол ұрпақтар сабақтастығының, тарихи жадыға құрмет пен мәдени тамырға деген ұқыпты көзқарастың символына айналды.

Экспозицияға Корея каллиграфия және дизайн қауымдастығына мүше жиырма шебердің туындылары енді. Олардың еңбектерін ортақ идея біріктіреді: Ұлы Жібек жолының бойында гүлдеген гүлдер халықтар арасындағы достықтың, өзара сенім мен мәдени алмасудың көркем бейнесіне айналған.

Алайда көрменің басты құндылығы ұсынылған туындылардың сұлулығымен ғана шектелмейді. Экспозиция хангыльдің неліктен әлемдік мәдениеттің ұлы жетістіктерінің бірі саналатынын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. XV ғасырда ұлы Седжон патшаның бұйрығымен жасалған хангыль – ғылыми қағидаға сүйеніп құрастырылған әлемдегі санаулы жазу жүйелерінің бірі. Әрбір әріп дыбысты айтқан кездегі сөйлеу мүшелерінің қалпын бейнелейді, ал дауысты дыбыстар жүйесі аспан, жер және адам бірлігі туралы көне философиялық идеяға негізделген.

Логикалық құрылымы, қарапайымдылығы және бірегейлігі арқасында хангыль әлемдегі ең жетілген жазу жүйелерінің бірі саналады. Ал оның жасалу қағидаларын түсіндіретін «Хунминчоным» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізілген.

Заманауи K-Calligraphy осы көпғасырлық дәстүрді жалғастырып, корей әліпбиінің әріптерін дербес өнер туындыларына айналдырады. Суретшінің қолында таңба – бейнеге, сөз – композицияға, ал каллиграфия аударманы қажет етпейтін тілге айналады. Сондықтан Әбілхан Қастеев атындағы музейдегі көрме Кореяның ұлттық өнерімен танысу мүмкіндігі ғана емес, мәдениеттер арасындағы ашық диалогке шақыру ретінде де қабылданады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -