Қазақстандықтар онлайн-казиноны Грузиядан басқарған

1078
Арман Қоржымбаев Бас редактор

Миллиардтар бөгде шоттар арқылы өткен. ҚМА Грузиядан басқарылған Nomad Poker онлайн-казиносының Қазақстандағы қызметін тоқтатты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Заңсыз платформа тәулік бойы жұмыс істеп, онлайн-покер ойнауға, ақша тігуге және ұтысты шығаруға мүмкіндік берген. Ойыншылардан түскен қаражат 7,5 млрд теңгеден асты.

«Нәтижесінде онлайн-казино қызметіне 20 мыңнан астам пайдаланушы тартылған».

Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті тергеп жатыр.

Казино Грузиядан басқарылған

Nomad Poker онлайн-казиносы Club GG Poker мобильді платформасының негізінде құрылған.

Тергеу дерегінше, оның қызметін Грузияда жүрген Қазақстан азаматтары үйлестірген. Бұл тәсіл ұйымдастырушылардың жеке басын жасырып, ақша қозғалысын бақылауды қиындатқан.

Казиноны жүргізу үшін шетел азаматтарының атына рәсімделген банк шоттары мен байланыс құралдары пайдаланылған. Ал жаңа ойыншылар әлеуметтік желілер, мессенджерлер және интернет-жарнама арқылы тартылған.

Шетелдіктерге 400 долларға дейін төленген

Ақша аударымдары дропперлердің шоттары арқылы жүргізілген. Дроппер — өз банк картасын немесе шотын бөтен адамдардың қаржылық операцияларына пайдалануға беретін адам.

ҚМА мәліметінше, күдіктілер шетел азаматтарының Қазақстанға ұйымдасқан түрде келуін қамтамасыз еткен. Кейін олардың атына банк карталары ашылып, мобильді банкинг қосылған.

Мұндай қызмет үшін шетелдіктерге 400 долларға дейін сыйақы төленген. Тергеу онлайн-казиноға қызмет көрсеткен 60-тан астам дроп-шотты анықтады.

«Ойыншылардан түскен қаражат көлемі 7,5 млрд теңгеден асты».

Көптеген шотқа бөлінген төлемдер ақшаның түпкі алушысын анықтауды қиындатқан. Шетелдік дропперлерді пайдалану казино мен оның болжамды ұйымдастырушылары арасындағы қаржылық байланысты жасыруға көмектескен.

158 млн теңгеге және мүлікке тыйым салынды

Сот санкциясымен Алматыдағы пәтерге және үш автокөлікке тыйым салынды.

Дропперлердің банк шоттарындағы 158 млн теңге де бұғатталды. Тергеу жалғасып жатыр, іс бойынша түпкілікті шешімді сот шығарады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -