Сарапшының айтуынша, конституциялық заң аясында жүзеге асырылатын сайлау жүйесі елдегі саяси институттардың нығаюына ықпал етеді.
Әсіресе, барлық депутаттық мандаттардың партиялық тізім арқылы сайлануы партиялардың қоғамдық-саяси процестердегі рөлін күшейтеді.
«Барлық 145 орын партиялық тізім негізінде тікелей сайланады. Бұл елдің институционалдық құрылымындағы саяси партиялардың маңыздылығын арттырады», – деді ол.
Қазақстан мен Еуроодақ байланысына оң әсер етеді
Альберто Тюркстраның пікірінше, елімізде жүзеге асып жатқан саяси өзгерістер тек ішкі реформалармен шектелмейді. Олар Қазақстанның халықаралық беделін күшейтіп, Еуропалық Одақпен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сарапшы реформалардың шетелдік инвесторлардың сеніміне де оң ықпал ететінін атап өтті.
«Тың өзгерістер елдеріңіз үшін ғана емес, Қазақстан мен Еуропалық Одақ қатынасы үшін де өте маңызды. Әрі Қазақстанның инвесторлар үшін тартымдылығын арттыруға әсер етері сөзсіз», – деді ол.
Құрылтай сайлауын бақылауға ниетті
Альберто Тюркстра бұған дейін Қазақстанда өткен Президент және Парламент сайлауларын халықаралық бақылаушы ретінде қадағалаған. Енді ол 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына да байқаушы ретінде қатысуға үміттенетінін айтты.
Сарапшының пікірінше, халықаралық бақылаушылардың қатысуы сайлау үдерісінің ашықтығы мен халықаралық деңгейдегі сенімділігін арттыра түседі.
Қазақстандағы саяси реформалар мен сайлау жүйесін жетілдіру бағытындағы өзгерістерге халықаралық қауымдастықтың қызығушылығы артып келеді. Еуропалық сарапшылардың бағасы бұл процестердің тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де назарда екенін көрсетеді.