Бектенов Қырғызстанда ЕАЭО-ның жаңа басымдықтарын жариялады

891
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: UKIMET

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтағы төрағалығы аясында жасанды интеллект, логистика және цифрлық экономиканы дамытуға басымдық бермек.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Шолпан-Атада өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен жиынға Армения, Беларусь, Ресей және Қырғызстан үкіметтерінің басшылары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыптары – ЕАЭО елдерінің экономикалық тұрақтылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, өзара сауда көлемін ұлғайту және ортақ нарықтағы кедергілерді азайту болды.

Қазақстан қандай бағыттарға басымдық береді?

Олжас Бектенов Қазақстанның ЕАЭО органдарына төрағалығы кезінде бірқатар стратегиялық бағытқа ерекше назар аударылатынын айтты.

«Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етуі аясында біз жасанды интеллектіні дамытып, логистикалық хабтар құру, өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, кедергісіз сауданы қамтамасыз ету, сондай-ақ сыртқы серіктестермен жаһандық диалог құру бағытын дәйекті түрде қолдаймыз. Дәл осы ұстанымды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына жолдауында белгілеген болатын. Бүгінгі отырыс қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар ЕАЭО шеңберінде алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыруға және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін», – деді Премьер-министр.

Азық-түлік пен жаңа нарықтар мәселесі талқыланды

Шағын құрамдағы отырыста ЕАЭО елдерінің азық-түлікпен қамтамасыз етілуі, негізгі сауда серіктестерімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және одаққа мүше мемлекеттердің өнімдерін жаңа нарықтарға шығару жолдары қаралды.

Тараптар сыртқы нарықтарға шығуды жеңілдететін тетіктер мен өзара сауданы дамытуға мүмкіндік беретін жаңа бастамалар жөнінде пікір алмасты.

АӨК жобаларына жаңа серпін

Олжас Бектенов биыл мамыр айында Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте қабылданған ауыл шаруашылығы саласындағы қаржылық қолдау тетігі ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Премьер-министрдің айтуынша, бұл механизм ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсімін сақтауға ғана емес, ЕАЭО елдері арасындағы сауда көлемін арттыруға және бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыруға жол ашады.

Шағын құрамдағы келіссөздерден кейін Еуразиялық үкіметаралық кеңестің жұмысы кеңейтілген құрамдағы отырыста жалғасты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -