Freedom Түркияда сирек лицензия алды: Қазақстан тәжірибесіне сүйенбек

693
Арман Қоржымбаев Бас редактор

Freedom Түркия нарығына шығады. Компания брокерлік лицензия алып, Қазақстанда дамытып жатқан цифрлық экожүйе тәжірибесін Түркия нарығында пайдалануды жоспарлап отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Freedom Holding Corp. құрамына кіретін Freedom Yatırım Menkul Değerler A.Ş. Түркияның Капитал нарықтары жөніндегі кеңесінен — Capital Markets Board of Türkiye (CMB) брокерлік қызмет жүргізуге рұқсат алды. Компания мәліметінше, Freedom Yatırım соңғы 34 жылда Түркияда осындай кең өкілетті лицензия алған алғашқы шетелдік брокерлік компания атанды.

Түркиялық инвесторларға әлемдік нарықтарға жол ашылмақ

Лицензия Freedom-ға Түркияда жеке брокерлік бизнесті ғана емес, жергілікті нарықты холдингтің халықаралық инфрақұрылымымен байланыстыратын жүйе құруға мүмкіндік береді.

Негізгі құралдардың бірі — компанияның жеке TraderNet сауда платформасы. Freedom Yatırım сол арқылы түркиялық клиенттердің халықаралық капитал нарықтарына қолжетімділігін кезең-кезеңімен кеңейтуді жоспарлап отыр.

Компания өз шешімдерін Borsa İstanbul инфрақұрылымымен интеграциялап үлгерді. Бұл Freedom Holding Corp.-тың халықаралық брокерлік желісіне Түркия нарығындағы инвестициялық құралдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Холдингтің дерегінше, оның брокерлік инфрақұрылымы әртүрлі нарықтарда 870 мыңнан астам клиенттік шотқа қызмет көрсетеді.

Түркия үшін шетелдік ірі ойыншының келуі жергілікті капитал нарығына халықаралық қатысушылардың үлесін арттыруы мүмкін. Freedom үшін бұл — өзінің жаһандық инфрақұрылымын тағы бір ұлттық биржамен байланыстыру мүмкіндігі.

Қазақстандағы модельді Түркияға бейімдемек

Freedom-ның Түркиядағы стратегиясының ең қызықты тұстарының бірі Қазақстанмен тікелей байланысты.

Freedom Yatırım мен Freedom Bank бірыңғай цифрлық платформаның негізіне айналуы тиіс. Топ онда банктік және инвестициялық өнімдерді lifestyle-сервистермен біріктіруді жоспарлап отыр.

Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов бұл тұжырымдаманы Қазақстан нарығында жинақталған тәжірибемен тікелей байланыстырады.

«Түркияда лицензия алу — реттеуші тарапынан көрсетілген елеулі сенімнің белгісі және біздің халықаралық операциялар аясында қалыптастырған тұрақтылығымыздың көрінісі.

 

Freedom Holding Corp.-тың Түркиядағы ауқымды стратегиясы Freedom Bank пен Freedom Yatırım негізінде интеграцияланған цифрлық қаржы экожүйесін құруды көздейді. Бұл ретте біз Қазақстандағы топ тәжірибесіне сүйенеміз. Онда банктік, инвестициялық және күнделікті цифрлық сервистерді бір платформаға біріктіретін Freedom SuperApp адамдардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Түркияда біз бұл модельді жергілікті нарықтың қажеттіліктеріне бейімдеп, банктік, брокерлік және басқа да қаржылық қызметтерді күнделікті өмірге арналған сервистермен біртұтас, үздіксіз цифрлық ортада кезең-кезеңімен біріктіруді жоспарлап отырмыз», — деді Тимур Турлов.

Қазақстан нарығы үшін мұнда экспансияның бағытының өзі назар аударарлық. Freedom ел ішінде банк, брокерлік қызметтер мен цифрлық сервистердің айналасында қалыптастырған моделін енді көлемі әлдеқайда үлкен шетелдік нарыққа бейімдеуге кірісіп отыр.

Бұл Freedom SuperApp-ты сол күйінде көшіру дегенді білдірмейді. Турлов Түркияның жергілікті ерекшеліктеріне қарай модельді бейімдеу туралы айтып отыр.

Лицензия бар, бірақ сервис әлі іске қосылған жоқ

CMB рұқсатын алу Түркиядағы инвесторлар Freedom Yatırım-ның барлық мүмкіндігін қазірдің өзінде пайдалана алады деген сөз емес.

Компания толыққанды жұмысын бастауға дайындалып жатыр. Қазір жүйелер кешенді тестілеуден өтіп, операциялық дайындық аяқталуда.

Осыдан кейін Freedom Yatırım жергілікті клиенттерге арналған инвестициялық сервисті іске қосуды жоспарлап отыр.

Ендігі негізгі кезең реттеуші рұқсатын алу емес, бизнесті нақты іске қосу болмақ. Оған TraderNet жұмысы, халықаралық нарықтарға қолжетімділік және Freedom Yatırım мен Freedom Bank мүмкіндіктерін бір цифрлық платформаға біріктіру кіреді.

Freedom Holding Corp. үшін Түркиядағы жоба Қазақстан нарығында қалыптасқан қаржылық экожүйенің елден тыс жерде қаншалықты тиімді жұмыс істей алатынын да көрсетеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -