Қазақстан паспорты 102-орында: қай елдерге визасыз баруға болады

627

Қазақстан паспорты 90 бағытқа жол ашады. Алайда олардың 43-іне толық визасыз баруға болады, тағы 41 бағытта виза келген кезде немесе жеңілдетілген тәртіппен рәсімделеді, ал алты бағытқа электрондық сапар рұқсаты қажет, деп хабарлайды DKNews.kz.

Passport Reports мәліметінше, Қазақстан әлемдік рейтингте 102-орында, ал Mobility Score көрсеткіші 90 баллды құрайды.

Қазақстандықтар 43 бағытқа визасыз бара алады

Толық визасыз тізімге 43 бағыт кіреді. Олардың қатарында Қытай, Түркия, БАӘ, Таиланд, Вьетнам, Малайзия, Грузия, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Бразилия, Аргентина, Колумбия және басқа елдер бар.

Бұл санатқа Гонконг пен Макао, сондай-ақ Марокко, Оман, Индонезия, Филиппин, Сербия, Черногория және Албания да енгізілген.

Әр бағытта визасыз болуға рұқсат етілетін мерзім әртүрлі. Сондықтан сапар алдында нақты елдің кіру талаптарын бөлек тексерген жөн.

Тағы 41 бағыт Passport Reports жүйесінде On Arrival санатына жатады. Олардың арасында Бахрейн, Катар, Сауд Арабиясы, Мальдив аралдары, Үндістан, Непал, Камбоджа, Иордания, Куба және Маврикий бар.

Оңтүстік Корея және тағы бес бағыт eTA талап етеді

Жеке санатқа дәстүрлі виза талап етілмейтін, бірақ сапар алдында электрондық рәсімнен өту қажет бағыттар кіреді.

Мұндай бағыттар алтау: Оңтүстік Корея, Кения, Кот-д’Ивуар, Сент-Китс және Невис, Сейшел аралдары және Шри-Ланка.

Passport Reports бұл бағыттарды визасыз елдер және келген кезде виза берілетін мемлекеттермен бірге Mobility Score көрсеткішіне қосады.

Нәтижесінде Қазақстан паспорты есепке алынған бағыттардың 90-ына, яғни шамамен 45,5 пайызына дәстүрлі визаны алдын ала рәсімдемей баруға мүмкіндік береді.

Еуропа негізгі визалық кедергі болып отыр

Паспорттың мобильділік картасында Еуропа ерекше көрінеді.

Қазақстандықтар Албания, Беларусь, Черногория, Молдова, Ресей, Сербия, Түркия және Украинаға визасыз бара алады.

Ал Еуропаның қалған көптеген бағыттарына алдын ала виза рәсімдеу қажет.

Олардың қатарында Германия, Франция, Италия, Испания, Нидерланд, Бельгия, Аустрия, Швейцария және Шенген аймағындағы басқа мемлекеттер бар. Ұлыбритания да Қазақстан азаматтары үшін визалық бағыт болып қала береді.

Қазақстандық саяхатшылар үшін негізгі айырмашылық осы тұста байқалады: Азияның едәуір бөлігі, ТМД елдері және бірқатар танымал туристік бағыттар классикалық визасыз немесе жеңілдетілген тәртіппен қолжетімді, ал Шенген аймағының басым бөлігі виза талап етеді.

Орталық Азияда Қазақстан бірінші орында

Өңірлік рейтингте жағдай әлемдік 102-орыннан әлдеқайда жақсы көрінеді.

Passport Reports-тың Орталық Азия бойынша жеке рейтингінде Қазақстан бірінші орында. Одан кейін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан орналасқан.

Қазақстан азаматтары Орталық Азиядағы үш елге — Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанға визасыз бара алады.

Түрікменстанға сапарлау үшін алдын ала виза қажет.

Азияның жалпы рейтингінде Қазақстан 50 паспорттың арасында 22-орында тұр.

Парсы шығанағындағы алты елдің бесеуі жеңілдетілген тәртіппен қолжетімді

Парсы шығанағына сапарлауда Қазақстан паспортының мүмкіндігі Еуропамен салыстырғанда кеңірек.

БАӘ мен Оманға визасыз баруға болады.

Бахрейн, Катар және Сауд Арабиясы Passport Reports жүйесінде On Arrival санатына жатады.

Демек, Парсы шығанағындағы алты мемлекеттің бесеуіне алдын ала дәстүрлі виза алмай баруға болады.

Тек Кувейт Қазақстан азаматтары үшін алдын ала виза талап ететін бағыт ретінде көрсетілген.

АҚШ, Канада және Шенген визалық бағыт болып қалды

Жалпы 108 бағыт Visa Required санатына кіреді. Бұл қарастырылған бағыттардың жартысынан астамы.

Қазақстан азаматтарына алдын ала виза қажет негізгі бағыттардың қатарында АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Шенген елдері бар.

Бұл тізімге Жапония, Австралия, Жаңа Зеландия, Сингапур және Еуропалық одақ мемлекеттерінің едәуір бөлігі де кіреді.

Дәл осы елдер 90 бағыттың жеңілдетілген тәртіппен қолжетімді болғанына қарамастан, Қазақстан паспортының әлемдік рейтингте 102-орында тұруына әсер етеді.

Қазақстан ШЫҰ елдері арасында төртінші орында

Passport Reports паспорттарды халықаралық ұйымдар шеңберінде де салыстырады.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін он елдің арасында Қазақстан 4-орында.

Ислам ынтымақтастығы ұйымының 57 мемлекеті арасында — 13-орында, ал ЕҚЫҰ-ға қатысушы 57 мемлекеттің арасында 50-орында тұр.

OPEC+ құрамындағы 21 елдің арасында Қазақстан паспорты 10-орынға, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін 159 мемлекеттің арасында 96-орынға орналасқан.

Әртүрлі паспорт рейтингтеріндегі орындарды тікелей салыстыруға болмайды: платформалар бағыттар санын және есептеу әдістемесін әртүрлі қолданады.

101-орын басқа көрсеткішке қатысты

Есепте Қазақстанға қатысты тағы бір рейтинг бар, оны паспорттың негізгі орнымен шатастыруға болады.

Қазақстан Welcoming Countries Ranking рейтингінде 199 елдің арасында 101-орында тұр.

Бұл көрсеткіш Қазақстан азаматтарының шетелге шығу мүмкіндігін емес, керісінше шетелдік паспорт иелерінің Қазақстанға қаншалықты еркін кіре алатынын бағалайды.

Қазақстан паспорты бойынша негізгі көрсеткіштер: әлемде 102-орын, Mobility Score — 90 балл, 43 визасыз бағыт, 41 On Arrival бағыты, 6 электрондық рұқсат бағыты және алдын ала виза немесе рұқсат талап ететін 108 бағыт.

Бұған дейін біз Қазақстанның паспорт күші бойынша басқа халықаралық рейтингте қандай орын алғаны және мұндай индекстердің нәтижелері неліктен әртүрлі болуы мүмкін екені туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -