Бірде-бір шағым түскен жоқ. ШЫҰ миссиясы Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауын ашық, шынайы әрі демократиялық қағидаларға сәйкес өтті деп бағалады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Халықаралық байқаушылар қорытынды пікірін Халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығында өткен брифингте жариялады. ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Т.Р. Мидхунның айтуынша, халықаралық байқаушыларды шақыру Қазақстанның сайлауды ашықтық қағидаттарын сақтай отырып өткізуге ұмтылысын көрсетеді.
ШЫҰ миссиясы 102 сайлау учаскесінде болды
Миссияның бақылау жұмысы Астана қаласы мен Ақмола облысын қамтыды. Байқаушылар учаскелер ашылмай тұрып-ақ келіп, бюллетеньдерді дайындау барысын, дауыс беруге жасалған жағдайды және комиссиялардың жұмысын бақылаған.
Сайлау қарсаңында және дауыс беру күні миссия өкілдері барлығы 102 сайлау учаскесіне барды. ШЫҰ байқаушылары сайлау күні де учаскелердегі дайындық пен дауыс беруді ұйымдастыру тәртібін бақылаған.
Т.Р. Мидхун сайлаушылардың азаматтық белсенділігі мен учаскелік сайлау комиссиялары қызметкерлерінің кәсібилігін атап өтті.

«Сайлау учаскелерінде қажетті құжаттар, ақпараттық-анықтамалық материалдар, байқаушыларды тіркеу журналдары, кезекшілік кестелері мен өзге де мәліметтер толық көлемде ұсынылған», – деді ол.
Миссия мүшелері дауыс беру рәсімдерінің сақталуына да назар аударған. Олардың бағалауынша, учаскелердегі процесс бірқалыпты әрі ұйымдасқан түрде өтіп, белгіленген тәртіп пен көзделген рәсімдер сақталған.
Дауыс беру күні миссияға шағым түспеген
Қорытынды бағалаудағы негізгі деректің бірі – миссия өкілдерінің атына дауыс беру күні бірде-бір шағым немесе ескерту түспегені.
Мидхунның айтуынша, халықаралық байқаушылар сайлаудың ұйымдастырылуын ғана емес, әртүрлі санаттағы азаматтарға жасалған жағдайларды да бақылаған. Сайлау күні ол мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жасалған жағдайға да жеке тоқталған.
ШЫҰ миссиясы әйелдер мен жастардың сайлауға белсенді қатысуын да атап өтті.
Байқау жұмысының қорытындысы бойынша миссия алғашқы Құрылтай сайлауын ашық, шынайы әрі демократиялық қағидаларға сәйкес өтті деп бағалады.
Беларусь пен Ресей өкілдері де сайлау барысын бағалады
Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика Кеңесінің Білім, ғылым, мәдениет және әлеуметтік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Наталия Павлюченко сайлаудың ұйымдастырылуына жоғары баға берді.
Оның айтуынша, ШЫҰ миссиясының мүшелері сайлау учаскелеріне дауыс берудің қарсаңында да, сайлау күні де барып, учаскелердің дайындығы мен сайлаушыларға жасалған жағдайларды бақылаған.
Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Алена Булгакова сайлау процесінің жариялылығы мен ашықтығына назар аударды.
«Сайлау комиссияларының мүшелері үй-үйді аралап, азаматтарды ақпараттандырып, дауыс беру тәртібі мен мемлекеттік құрылымдағы алдағы өзгерістер туралы толық түсіндірме жұмыстарын жүргізген», – деді ол.
ШЫҰ миссиясы сайлау науқанына баға бермес бұрын бақылауды дауыс беру аяқталғанға дейін жалғастыратынын алдын ала мәлімдеген еді. 23 тамызда біз ШЫҰ байқаушыларының Қазақстандағы сайлауды бақылауға кіріскені және қорытынды бағаның 24 тамызда жарияланатыны туралы жазған едік.
Сөз соңында миссия өкілдері Қазақстан халқын Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.