Мари Фавероның «Алтын Орда» кітабы қазақ тілінде жарық көрді

792
Арман Қоржымбаев Бас редактор

Француз тарихшысы Мари Фавероның «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» кітабы қазақ тілінде 1000 данамен жарық көрді. Еңбекті Францияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен Steppe & World баспасы шығарған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Елшіліктің баспасөз хабарламасына сәйкес, автор 10 қыркүйекте Астанадағы Cassackia галереясында оқырмандармен кездесті. Таныстырылымда Жошы ұлысының тарихы, оның шаруашылығы мен басқару жүйесі, Еуразиядағы сауда және дипломатиялық байланыстарға ықпалы сөз болды.

Жошы ұлысының ішкі өміріне үңілген зерттеу

Фаверо Алтын Орданы ортағасырлық Еуразия тарихымен сабақтастыра қарастырады. Кітапта дала империяларының өзге өңірлермен байланысы, көшпелі қоғамның ұйымдасуы және оның тарихи мұрасы зерттелген.

Автор еңбекті дайындау кезінде әр елдің ғалымдарымен жұмыс істеп, Қазақстанға да келген. Кездесуде ол зерттеу жолы туралы былай деді:

«Бұл кітап менің ғылыми-зерттеу жолымның жемісі. Париждегі беделді университеттердің бірі — Сорбоннада студент болып жүрген кезімде, Алтын Орданы зерттеуге алғаш болып ден қойдым. Ол кезде бұл тақырып ғылыми зерттеу саласында іс жүзінде болмаған еді. Соған қарамастан, мен осы бағытта зерттеу жүргізуге бел будым, бұл жұмысқа көптеген жылдар кетті. Шын мәнінде, студент кезімде өзім оқығым келген кітапты жазу үшін маған 20 жыл қажет болды. Кітап Францияда жазылғанымен, оны дайындау халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі болды. Зерттеу барысында мен көптеген елдерге, соның ішінде Қазақстанға да барып, әріптестеріммен кездесіп зерттеулер жүргіздім. Сондықтан бұл кітапты Франция мен Қазақстан арасындағы ғылыми серіктестік пен достықтың шынайы тарихы деуге болады.»

Еңбек алғаш 2021 жылы ағылшын тілінде The Horde. How the Mongols Changed the World атауымен басылған. Француз тіліндегі нұсқасы 2023 жылы шыққан.

Қазақша басылым қалай дайындалды

Франция елшілігі жастарға арналған ғылыми еңбектер мен басқа да басылымдарды қазақ тіліне аударуға жыл сайын қолдау көрсетеді. Фавероның кітабы да осы жұмыстың аясында жарық көрген.

Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге аударманың оқырманға берер мүмкіндігіне тоқталып, зерттеуге өз бағасын берді:

«Бұл еңбектің қазақ тіліне аударылуы ғылыми зерттеулер мен білім сабақтастығына септігін тигізеді. Сондай-ақ қазақстандық оқырмандардың Алтын Орда тарихын толық әрі тұтас нұсқада оқуына мүмкіндік береді. Бұл — Алтын Орданың ішкі болмысын, атап айтқанда, оның құрылымы мен басқару жүйесін, шаруашылығы мен әлеуметтік жағдайын басты өзек еткен алғашқы еңбек. Франция Елшілігі гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы бірлескен бастамаларымыз аясында осынау құнды еңбектің жарық көруіне үлкен қуанышпен қолдау көрсетті.»

Steppe & World баспасы шетелдік әдебиетті қазақшаға аударып, отандық авторлардың шығармаларын шығарады. Баспаның негізін қалаушы Раиса Сайран Қадыр бұл кітапты таңдау себебін түсіндірді:

«Бұл кітапты шығару баспамыздың еншісіне бұйырған бақ, үлкен жауапкершілік. Төл тарихымыз зерттелген «Алтын Орда» кітабын қазақ оқырманының қолына жеткізуді баспагерлік борышым деп білдім. Өйткені бұл кітапты әр қазақ оқуы керек.»

Автор сапарын Түркістанда жалғастырады

Астанаға дейін Мари Фаверо Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясы мен Ұлттық кітапханада кездесулер өткізді. Кітапханада Франция елшілігі мен Алматыдағы Француз альянсының қолдауымен француз әдебиеті бұрышы да ашылды.

Елордада тарихшы Cassackia галереясынан бөлек, Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте оқырмандармен жүздесті. Қазақстандағы сапарының келесі аялдамасы — Түркістан.

Кітап оқуды ортақ әдетке айналдырғысы келетін оқырмандар үшін елде республикалық марафон да өтіп жатыр. Оның бағыттары мен тіркелу мерзімі туралы «Кітап оқитын ұлт» жобасына арналған материалымызда жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -