Еуропалық шахмат одағы (ECU) алдағы Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) президентін сайлауда қандай да бір кандидатты қолдау туралы шешім қабылдамағанын мәлімдеді. Одақ бұл түсініктемені кеше, 17 қыркүйекте, Еуропалық шахмат одағының (ECU) президенті Зураб Азмайпарашвили неміс кәсіпкері, WR Chess негізін қалаушы Вадим Розенштейннің кандидатурасын ашық қолдағаннан кейін жариялады. Украина шахмат федерациясы Розенштейнді санкциялық шектеулерді бұзды деп айыптап отыр.
«Әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға қатысты келіп түскен сауалдарға байланысты ECU алдағы FIDE сайлауында қандай да бір кандидатты қолдау туралы шешім әлі қабылданбағанын түсіндіреді», — делінген ECU-дың ресми сайтындағы хабарламада.
Ұйым өзінің институционалдық бейтараптығын сақтайтынын және құрамындағы барлық 54 федерацияның мүддесіне қызмет етуге ұмтылатынын атап өтті.
Бұл мәлімдеме Зураб Азмайпарашвилидің Facebook желісінде «FIDE президентін сайлау туралы менің мәлімдемем» деген тақырыппен жазба жариялауынан кейін жасалды. ECU президенті сайлау науқанын, кандидаттардың бағдарламаларын мұқият зерттеп, сондай-ақ олармен жеке кездесіп, сөйлескеннен кейін Вадим Розенштейнді қолдау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Facebook / European Golden Pawn - Chess Award Ceremony
Азмайпарашвили FIDE-нің қазіргі басшылығындағы көптеген өкілдерді жақсы білетінін және қазіргі басқарушы кеңестің бірнеше мүшесіне жеке ықыласы мен құрметі бар екенін атап өтті. Сондықтан, оның айтуынша, бұл ұстанымды нақты адамдарға немесе олардың жұмысына берілген теріс баға ретінде қабылдауға болмайды.
Сонымен қатар Азмайпарашвили кез келген халықаралық ұйым белгілі бір кезеңнен кейін жаңаруды — жаңа адамдарды, жаңа идеяларды және өзі айтқандай, «жаңа қанды» қажет ететінін мәлімдеді. Оның пікірінше, жүйені жақсы білетін адамдардың тәжірибесін сырттан келетін мамандардың энергиясымен, идеяларымен және жаңа көзқарастарымен ұштастыру оңтайлы нұсқа болмақ.
Сөзінің соңында Азмайпарашвили бұл өзінің жеке шешімі және жеке ұстанымы екенін арнайы атап өтті. Ол әрбір ұлттық федерация мен әрбір делегаттың өз таңдауын дербес жасау құқығын толық құрметтейтінін мәлімдеді.
«Вадимге және оның командасына сайлауда сәттілік тілеймін және одан да маңыздысы — шахмат әлеміне мықты, заманауи әрі біріктіруші FIDE тілеймін», — деп жазды ECU президенті.
Розенштейнді ашық қолдау Еуропалық шахмат одағы басшылығының жуырдағы сайлауынан кейін жасалып отыр. 18 шілдеде Бухарестте ECU президентін сайлау өтті. Ұйым басшысы қызметіне қазіргі президент Зураб Азмайпарашвили (Грузия), FIDE бас хатшысы Лукаш Турлей (Польша) және Франция шахмат федерациясының бұрынғы президенті Башар Куатли (Франция) үміткер болды.
Бір қызығы, Вадим Розенштейн Азмайпарашвилиді емес, ECU New Team деп аталатын Куатли командасын қолдаған еді. Бұл команда Еуропалық шахмат одағының басшылығына өзгерістер енгізуді жақтады, алайда Куатли сайлауда жеңіліп қалды.
Вадим Розенштейннің FIDE президенті сайлауындағы мүмкіндігі жоғары деп бағаланған еді, алайда сайлау науқаны кезіндегі екі оқиғадан кейін оның позициясына қатысты сұрақтар туындады. Кандидат басқа үміткерлермен дебаттан іс жүзінде өзі шығып кетті.
Дебат Chess.com платформасында 9 қыркүйекке белгіленген болатын. Оған Ян Хенрик Бюттнер (Германия), Тимур Турлов (Қазақстан) және Вадим Розенштейн (Ресей және Германия азаматтығы) қатысуы тиіс еді.
Алайда Розенштейн кіріспе сөзінен кейін бірден байланыстан шығып, эфирге қайта оралмады. Chess.com мәліметінше, платформа командасы онымен байланысып, дебатқа қайта шақыруға тырысқан, бірақ кандидат жауап бермеген және эфирден кету себебін түсіндірмеген. Дебаттың қалған бөлігі Бюттнер мен Турлов арасында өтті (дебаттың толық жазбасы сілтеме бойынша қолжетімді).
Айта кетейік, қазақстандық кәсіпкер, қаржыгер және Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов ұлттық федерацияларды қолдауға, турнирлер өткізуге, төрешілер мен жаттықтырушыларды даярлауға, сондай-ақ шахматшылардың халықаралық жарыстарға баруына арналған көлемі 6 млн АҚШ долларынан асатын қор құруды ұсынды.
фотограф Mark Livshits/FIDE
Ол сондай-ақ FIDE басқару жүйесіне корпоративтік ашықтық стандарттарын енгізуді және античитинг технологияларын, соның ішінде ресми онлайн-турнирлер үшін биометриялық сәйкестендіруді дамытуды ұсынды.
Дебаттан кейін Украина шахмат федерациясының Розенштейнді оның Ресеймен бизнес байланыстарына байланысты сынға алып отырғаны белгілі болды. Украина шахмат федерациясының вице-президенті Владимир Ковальчуктың айтуынша, ұйым Розенштейнді Украина мен Еуропаның санкциялық тізімдеріне енгізуге қол жеткізуді көздеп отыр.
UNIAN ақпарат агенттігінің мәліметінше, Украина тарапы Розенштейнмен байланысты компаниялар оның ресейлік бизнестен алшақтағаны туралы жария мәлімдемелеріне қарамастан, Ресейде жұмысын жалғастырып отырғанын алға тартады.
Еске салайық, FIDE президентін сайлау 26 қыркүйекте Самарқандта (Өзбекстан) өтуі тиіс.